Бүгін үміткерлердің сайлауалды үгіт-насихат жұмысы аяқталады

Almaty.tv
Almaty.tv
19 қараша насихат жасауға тыйым салынады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгін сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарының соңғы күні. Кандидаттар тиісті іс-шараларын сағат 24:00-де тоқтатады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Үміткерлер бір ай бойы өңірлер мен қалаларды аралап, өз бағдарламасын халыққа шама-шарқы келгенше түсіндіріп жатыр.Қасым-Жомарт Тоқаевтың штабы насихат жұмыстары басталғалы бері 20 мыңнан аса іс-шара өткізген. Штаб мүшелері Алматы тұрғындарымен кездесті. Қазақ ұлттық университетінде жастар саясатын жетілдіру жайы талқыланды. Кандидаттың жақтастары саяси өзгерістерге, мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруға және азаматтардың құқығын қорғауға арналған сайлауалды бағдарламасын түсіндірді. Шағын және орта бизнесті қолдау, мәдениет пен өнерді дамыту сөз болды.

Мейрам Қажыкен Шымкенттегі педагогикалық университеттің студенттерімен кездесіп, сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Жылу электр орталығына барып, елдің энергетикалық өнеркәсібін дамыту жайын талқылады.

«Әскерді қару-жарақпен қамтитын өзімізде өндіріс болу керек. Тараз бен Шымкенттің арасында Түлкібас деген қала бар, лайық өндірісті бастауға. Таза технология», – деді ҚР Президенттігіне үміткер Мейрам Қажыкен.

Қарақат Әбден Тараздағы перзентханалардың біріне барды. Сондай-ақ әлеуметтік қызметкерлердің ұлттық альянсы өкілдерімен жүкті әйелдердің үйіне соғып, патронаждық қызметпен танысты. Салада кәсіби мамандар жетіспейді.

«Ана мен баланың денсаулығы – ұлттық деңгейде қарастырылатын күрделі мәселе. Бала дүниеге келмей тұрып, баланың денсаулығын ойлау керек», – деді ҚР Президенттігіне үміткер Қарақат Әбден.

Ал үміткер Жигули Дайрабаев үгіт-насихат жұмыстарын Атырау облысының Индер ауданында жалғастырды. Жергілікті жұртпен кездесіп, өз бағдарламасын түсіндірді. Мұнда ауыл шаруашылығында түйткіл көп. Әсіресе ауданда су тапшы.

«Облыс мұнайлы өңір деп есептелгенімен де 7 ауданның төртеуі – ауыл шаруашылық ауданы. Ең бірінші су мәселесі, Жайық өзенінің тартылу деңгейі қазір 3 еседен асты», – деді ҚР Президенттігіне үміткер Ж. Дайрабаевтың сенімді өкілі Қадыржан Арыстан.

Оппозициялық партия өкілі Нұрлан Әуесбаев Ақмола облысының тұрғындарымен кездесті. Мұнда да ауыл шаруашылығының дамуы, су тапшылығы сөз болды. Жиын кезінде жұрт өз сауалын қойды.

«Ауыл, су, ауыл айналасындағы жайылымды жер мәселесі айтылды. Мемлекеттен бөлінген қаржылар қайда кетіп жатыр?  Өзге сұрақтарды қойды», – деді ҚР Президенттігіне үміткер Нұрлан Әуесбаев.

Кандидат Салтанат Тұрсынбекова Павлодардағы Психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығына барып, сайлауалды бағдарламасын ұсынды. Мұнда 33 адам ем қабылдап жатыр. 

«Алкоголизм мен нашақорлық диагнозымен бүгінгі күні елде 107 мыңға жуық адам есепте тұр. Оның 18 мыңы есірткіге тәуелділер. Бұдан бөлек лудомания, яғни, құмар ойындарға деген қызығушылық та халық арасында кең таралып отыр», – деді ҚР Президенттігіне үміткер Салтанат Тұрсынбекова.

Кандидаттардың үгіт-насихат жұмысы бүгін аяқталады. Ертең елімізде сайлауалды «тыныштық күні» жарияланып, насихат жасауға тыйым салынады.

Назкен Еркін, Алмат Ілиясов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров