Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерман ҚР президенттігіне үміткер Қасым-Жомарт Тоқаев лингвистика комиссиясында мемлеттік тілден емтиханды неліктен тапсырмайтынын түсіндірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Қазақстан Республикасындағы Сайлау туралы ҚР Конституциялық Заңының 54-бабы 2-тармағына сәйкес, кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергенін анықтау процедурасы кандидатурасы келесі өкілеттік мерзімге ұсынылған республиканың іс басындағы Президентіне қолданылмайды», - деді ОСК хатшысы.
Орталық сайлау комиссиясы Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттікке кандидатурасын талаптарға сай деп шешкені туралы бұған дейін жазған болатынбыз.
Еске салсақ, кеше ҚР Орталық сайлау комиссиясында ҚР президенттігіне кандидаттардың мемлекеттік тілді еркін меңгеруін белгілеу жөніндегі лингвистика комиссиясының бірінші ұйымдастыру отырысы өткен еді. Комиссия құрамына филология, тіл білімі мен әдебиет саласындағы көрнекті ғалымдар: Ахметов Әділ Құрманжанұлы, Есім Гарифолла, Дәдебаев Жанқара Дәдебайұлы, Құрманбай Гүлтас Сайынқызы, Қамзабекұлы Дихан, Фазылжанова Анар Мұратқызы енді.