|
03.05.2022 | 19:58
4915

Алматыда велоспорт маусымы ашылды

Іс-шараға 1100-ден астам қала тұрғыны қатысты

Алматыда велоспорт маусымы ашылды Almaty.tv

Алматыдағы велоспорт маусымының ашылуында қатысушылар рекорд орнатты. Іс-шараға 1100-ден астам қала тұрғыны қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Олар Әл-Фараби даңғылынан бастап, тұңғыш Президент саябағына дейін 8 шақырымды жүріп өтті. Веломаусымның ашылуын велошабандоздардың асыға күткені сөзсіз. Аталмыш шара пандемия салдарынан тоқтап, 2 жыл өтпеді.

«Сіздер осы күнді 2 жыл күттіңіздер. Құдайға шүкір, оған да жеттік. Ең алдымен 1 мамыр –  Қазақстан халықтарының бірлігі күні құтты болсын», – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев.

Биылғы велошеруге тек кәсіпқойлар емес әуесқой спортшылар мен ардагерлер де қатысты. Іс-шараның негізгі мақсаты –  бұқаралық спортты дамытып, салауатты өмір салтын насихаттау.  

«Мен осыған дейін мұншалықты көп велосипедшіні көрмедім. Әлі таңғалып тұрмын. Спорттық іс-шара жоғары деңгейде өтті. Көңіл-күйім тамаша», – деді қатысушы Бекжан Имашов.

«Мен негізі мектепте математикадан сабақ беремін. Велосипед спортымен бала кезімнен айналысамын. Бұл күнді ұзақ күттім. Алдағы уақытта тағы өтсе қатысуға дайынмын», – деді қатысушы Елена Новарова.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, велосипед тебетіндер қатары күн санап артып келеді. Мысалы өткен жылдары велошеруге қатысушылар саны 500 бен 600 аралығында болса, биыл олардың қатары 2 есеге өскен. Одан бөлек Алматының атынан өнер көрсететін кәсіпқой спортшылардың да биылғы аяқ алысы жаман емес.  

«Қаламызда велосипед спорты дамып келеді. Кәсіби спортшыларымыздың да халықаралық деңгейдегі дәрежелері өзгелерден төмен емес. Алматылық құрама Азия рейтингінде екінші орында тұр. Бұл біз үшін өте жақсы көрсеткіш», – деді  Алматы қалалық велосипед спорты федерациясы басшысының міндетін атқарушы Виталий Губенко.

Ұйымдастырушылар мұнымен шектелмей, велошабандоздарға арналған іс-шараны көбейтуді жоспарлап отыр.

Мерей Қанапиянов, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир