«Алматы марафонына» биыл 17 мың адам қатыспақ

Фото Gagarin.tm
Фото Gagarin.tm
Қатысушылар әлемнің 53 мемлекетінен жиналған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

21 сәуірде дәстүрлі «Алматы марафон» халықаралық жарысы басталады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Оған биыл 17 мың адам қатыспақ. Олар жас шамасына қарай әртүрлі қашықтыққа жүгіруі тиіс. Ең ұзағы – 42 шақырым.

64 жастағы алматылық Тілеужан Қанапиянов осы жасқа дейін ешқашан денсаулығына шағым айтқан емес. Ес білгелі жүгіруге жаны құмар зейнеткер марафон атаулының бірін де қалдырмай келеді. Қария демалыс күні өзінің 71-жарысына қатысып, 42 шақырымды еңсеремін деп отыр. Өйткені былтырғы жартылай марафонда Тілеужан Қанапиянов өз жас категориясы бойынша мәре сызығын екінші болып кескен болатын. Күніне 2 сағат жүгіретін зейнеткер қазір соңғы дайындығын пысықтауда.

«Биыл марафонға 71-ші рет қатысқалы жатырмын. Бұйырса, 100-ге апарамын. Жүгіргеннің арқасында денсаулығым жақсы. Дәрі-дәрмек, ауру дегенді білмеймін. Оның себебі – осы жасқа шейін ешқашан үйде жатып көрмеппін. Уақытым болса, үнемі спортпен шұғылданамын, тіпті қыста да тоқтатқан емеспін», - дейді «Алматы марафон-2019» жарысының қатысушысы Тілеужан ҚАНАПИЯНОВ.

Жүгіруге құмар жандар күн санап көбейіп келеді. Дегенмен, жаңадан бастағандарға мамандар марафонға қатысуға тыйым салады. Өйткені марафон тек ара қашықтықты жүгіріп өту емес. Онда ағзаға ауыр салмақ түседі. Он шақырымды еңсеру үшін кем дегенде жарты жыл дайындық қажет.

«Әуелі медициналық тексерістен бастау шарт. Өйткені, кей адамдардың денсаулығы жарамайды. Біртіндеп дене шынықтыру жаттығуларына көшу керек. Марафонға бір апта қалғанда жүгіріп, дайындала бастайтындар болады. Бірақ, олар бірден жарысқа қатысатын болса, өздеріне зиян келтіреді.», - дейді жаттықтырушы Игорь НЕМОВЧА.

Дәрігерлер де бұл сөзді қуаттайды. Олардың айтуынша, әсіресе жүрегінде ақауы бар және қан қысымы қалыптан тыс адамдарға марафонға қатысу өте қауіпті екен. Олар тіпті ауыртпалықты көтере алмай, өмірімен қош айтысуы да ғажап емес дейді. Сондай-ақ, дәрігерлер жарыс алдында ішімдік пен темекіден бас тартып, ағзаға пайдалы азық тұтынған жөн екендігін айтады.

«Жарыс қарсаңында майлы, тұзды, ауыр тағамдардан тартыну керек және марафон кезінде күш беретін энергетикалық гель қабылдаған жөн. Себебі, ол жүгірген кезде ағзадан шыққан қуатты қалыпқа келтіреді.  Әйтсе де, күш береді екен деп, энергетикалық газды сусындарды мүлдем ішуге болмайды. Тек таза ауыз су ішу қажет. Жүгіру алдында жақсылап ұйықтап, тыныққан маңызды. Ал, жарыста барынша жылдамдықпен емес, бір қалыппен жүгіру керек. Әйтпесе, жүрекке салмақ түседі», – дейді Алматы қаласы Жедел жәрдем бекеті бас дәрігерінің орынбасары Александр ЛАЗАРЕВ.

Жетпісті алқымдаған қарияның да марафонға қатысуды енді қолға алған жастарға берер кеңесі көп. Тілеужан Қанапиянов Павлодардан келген спортшыларға өз құпиясын ашты. Сол жас жеткіншектердің бірі – 29 жастағы Дихан Аманжолов. Ол Алматы марафонына осымен екінші рет қатыспақшы екен.

«Алғаш жартылай марафонға мен ешбір дайындықсыз қатысып кеттім. Оған дейін әрі кетсе 10-11 шақырым жүгірген болатынмын. Ал 21 шақырымда жүгіру деген оңай емес екен. Денең түгел ауырады. Содан кейін өзіме мақсат қойдым да, осы 42 шақырымға жүгіру үшін 4 ай дайындалдым», – дейді «АЛМАТЫ МАРАФОН-2019» қатысушысы Дихан АМАНЖОЛОВ.

Марафонға қатысушылар, «мәре сызығын бірінші болып кесу маңызды емес, бастысы шақырымды еңсеру» дейді. Дегенмен, араларында қаржылай жүлдені көздейтіндер де бар. Себебі, биыл жеңімпаздарға берілетін жүлде қоры 3 миллион теңгені құрайды. Алайда, ұйымдастырушылар марафоннан түскен қаржының бір бөлігін қайырымдылыққа жұмсамақшы.

«Былтыр біз алғаш рет жаңа бағыттар жасадық. Ол қашықтық 5 жылға дейін бекітілді. Біз әлемнің басқа марафондарымен тең тұрамыз. Яғни, осы ұйымның сайтын ашқан шетелдік қатысушылар Қазақстанда мұндай жарыс бар екенін көріп, осында келуге асығады. Марафон арқылы біз еліміздегі спортты дамытып қана қоймаймыз, шетелдік қонақтарды қызықтырып жатырмыз» – дейді «Алматы марафоны» жобасының директоры Салтанат ҚАЗЫБАЕВА.

Марафонға қызығушылық жылдан-жылға артып келеді. Содан болар, биыл оған қатысуға 17 мың адам өтініш білдірген. Олардың қатарында 53 мемлекеттің азаматы бар.

Новости партнеров