Қатарда өтіп жатқан футболдан 2022 жылғы әлем чемпионатында бүгін 1/8 финалының екінші ойын күнінде Англия мен Сенегал құрамалары кездеседі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Кездесу елорда уақытымен 1.00-де басталып, «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Ойын Эль-Қаур қаласындағы 68 965 жанкүйерге арналған «Эль-Байт» стадионында өткізіледі. Бас төреші – сальвадорлық Иван Бартон. Оған отандасы Давид Моран Сантос пен АҚШ-тан барған Кэти Несбитт көмекшілік жасайды. Қосалқы төреші – гондурастық Саид Мартинес.
FIFA рейтингінде Англия - 5, Сенегал 18-орында тұр.
Екі құрама өзінің тарихында тұңғыш мәрте кездесіп отыр.
Топтық кезеңде Англия В тобында ойын көрсетті. Иранды 6:2, Уэльсті 3:0 есебімен жеңіп, АҚШ-пен 0:0 есебімен аяқтады.
Ал, Сенегал А тобында Қатарды 3:1, Эквадорды 2:1 есебімен жеңіп, Нидерландқа 0:2 есебімен жеңілді.
Сондай-ақ, 4 желтоқсанда елорда уақытымен 21.00-де Франция мен Польша кездесуі «Qazaqstan» мен «Qazsport» телеарналарынан көрсетіледі.