|
29.01.2019 | 17:20
4377

Бір жылқыны күтіп-баптау үшін 8 адам қажет: Алматы ипподромы инвестор іздеп жатыр

Бір жылқыны күтіп-баптау үшін 8 адам қажет: Алматы ипподромы инвестор іздеп жатыр

Бір ғасырға жуық тарихы бар Алматы ипподромы инвестор іздеп жатыр. Мұнда күрделі жөндеу жұмыстары 40 жылдан бері жүргізілмеген. Нысанды қалпына келтіру үшін 300 миллион теңге қаражат қажет, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Бұл жылқы ұстайтын орын осыдан 60 жыл бұрын тұрғызылған. Содан бері мұнда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Десе де, мұнда жылқыларға азық, су және жылы орын сияқты қажеттінің бәрі бар.

Әбден ескірген тек қора ғана емес. Көрермендерге арналған трибунаның да тозығы жетіп тұр. Сондай-ақ бәйгеге арналған жолақтардың да қазіргі жағдайы мәз емес. Кезінде қауіпсіздік үшін жасалған қоршаулар бүгінде жүйріктер үшін қауіпті екен. Заманауи талап бойынша қауіпсіздік қоршаулары пластиктен жасалуы керек. Ал мұнда қадалған қара темір әлі күнге дейін тұр.

«Соңғы рет күрделі жөндеу жұмысы 1980 жылы жүргізілді. Содан бері қалпына келтірілмеді. Қорада түрлі жарыстарға, ұлттық спорт түріне қатысатын, жалға алуға болатын жылқылар бар. Ипподромды қалпына келтіру үшін қазір инвестор іздестіріп жатырмыз», – деді Алматы ипподромының атқарушы директоры Юрий КИЩЕНКО.

Алдағы уақытта ат шаптыруға арналған орынды күрделі жөндеуден өткізу үшін кәсіпкер табылса, оның ескі келбеті келмеске кетеді. Ол үшін 100 миллионнан бастап 300 миллион теңгеге дейін қаражат қажет. Ипподромда жарыс маусымы мамыр айының басында ашылмақ. Ол қазан айына дейін созылатын болады.

«Бір жылқының өзінің экономикаға тигізетін әсері мол. Шабандоз түрлі трюктер көрсетеді. Одан бөлек, көптеген қосымша жұмыс орындары құрылады. Ветеринар, ұста және басқа да мамандар жұмыс істейді. Бір жылқыны күтіп-баптау үшін 8 адам қажет», – дейді Қазақстан жокей-клубының басшысы Талғат ЖАЙСАНБАЕВ. 

Өткен жылы ипподромда 168 бас жылқы сыналған болса, осы жылы оның саны 220-ға жеткізілмек. 1930 жылы ашылған Алматы ипподромы келесі жылы 90 жылдығын атап өтпек. Атаулы датаға орай, ауқымды шараларды ұйымдастыруды көздеп отыр. Әуесқой спортшылар арасында түрлі жарыстар өткізу де ойда бар екен.


Перизат Көмекбайқызы, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир