Алматы облысындағы «Ақ-бұлақ» спорт кешенінде садақ атудан ел чемпионаты өтті. Еліміздің 8 өңірінен 150-ге жуық спортшы бәсекеге түсті. Олардың арасында халықаралық деңгейде өнер көрсетіп жүрген саңлақтарымыз да бар. Доданың ашылуына қатысқан Almaty.tv тілшісі Мерей Қанапиянов жалғастырсын.
Садақ ату – қазақтың ұлттық ойындарының бірі. Бұл күнде әлемнің 140-тан астам елінде кеңінен тараған. Мына спорттық құрылғы адамды мергендікке, шыдамдылыққа және төзімділікке тәрбиелейді.
Іле-Алатауының баурайында жалауы желбіреген байрақты доданың ашылу салтанаты көрерменсіз өтті. Барлық санитарлық талаптардан сүрінбей өтіп, Республикалық додада қара үзіп шыққан оғландар алдағы уақытта ұлттық құрама сапына шақыртылып, ел атынан өнер көрсететін болады. Сұрмергендер осыған дейінгі жаттығу кезінде карантиннің аса қатты кедергі болмағанын айтады.
«Карантин кезінде дайындығым жақсы болды. Біз көбінесе физикалық тұрғыда денемізді шынықтырып жүрдік. Себебі садақ ату спортында физикалық тұрғыдан мықты болуың керек», – деді Садақ атудан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Акбарали Карабаев.
Мына дайындық алаңы садақ атушылар үшін жаңа үлгіде салыныпты. Бүгінде осындай нысандар тек қана Түркия, Швейцария, Украина, Оңтүстік Кореяда ғана бар екен. Мұнда келесі жылы Азия чемпионатының өту мүмкіндігі жоғары дейді жаттықтырушылар. Спорттың бұл түрін жанына серік еткен мүмкіндігі шектеулі жандар да назардан тыс қалмапты.
«Осы жылдан бастап ұлттық параолимпиадалық комитетке көшіп, содан бізде үлкен өзгерістер болып жатыр. Ол жерде жақсы нәтиже көрсеткен, командаға кірген спортшыларымызды штатқа кіргізіп, айлық төлеп... », – деді Садақ атудан ұлттық параолимпиадалық құраманың бас жаттықтырушысы Әбдіғани Айқынбаев.
Ұлттық құрама садақ ату спортынан әлемдегі үздік ондыққа кіреді. Содан болу керек сұрмергендердің қатары артып келе жатыр. Алдағы уақытта мұнымен шектеліп қалмай садақ атудың ұлттық түрін де қолға алу ойда бар, дейді федерация өкілдері.
«Биыл осы жерде ұлттық садақ атудан да жарыс өткізуді жоспарлаған болатынбыз. Бірақ пандемияға байланысты ұйымдастыра алмадық. Келесі жылы бәрі жақсы болса, дәл осы Іле-Алатауының баурайында өткіземіз», – деді Садақ ату спорты федерациясының президенті Алмаз Мырзабеков.
Тартысқа толы чемпионаттың жабылуы 4 қарашада өтеді. Ешкімге есе жібермей, еншісінен қағылмаған жеңімпаздардың аттары сол күні анықталады.
Мерей Қанапиянов, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы