Аустриядағы Әлем чемпионаты кезінде допингке байланысты ұсталған қазақстандық шаңғышы Алексей Полторанин қамаудан босатылған соң, Мюнхен арқылы Мәскеу қаласына ұшып кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Алексей Полторанин 28 ақпан күні кешке Мюнхен арқылы Мәскеу қаласына ұшып кеткен. Біздің дипломаттармен байланысудан бас тартты. Қазіргі уақытты оның қайда екенін білмейміз. Допингке байланысты сұрақтарға біз жауап бермейміз, оны ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне жолдау керек. Қазақстан азаматтарының құқығы бұзылмау үшін біздің Консул сол күні оқиға орнына барды, барынша қолғабыс көрсетті. 28 ақпан күні де консул спортшымен кездесуді күтті. Бірақ, Полторанин кездесуден бас тартып, Мюнхенге кетті. Бапкерлері де барлық жайтты құпия ұстап отыр», - деді ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Астанада өткен брифингте.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Аустрияның Зеефельде қаласында шаңғы жарысынан ұйымдастырылған Әлем чемпионатында Қазақстан, Аустрия және Эстония спортшылары антидопингтік ережелерді бұзды деген күдікке ілінген еді.
Полиция жалпы, төрт елдің 9 спортшысын ұстаған.
Кейін ҚР Шаңғы федерациясы бұл оқиғаға байланысты түсініктеме берді. Эстониялық спортшылар Карел Таммъярв мен Андреас Веерпалу, сондай-ақ Қазақстан өкілі Алексей Полторанин Халықаралық шаңғы спорты түрлері федерациясынан шеттетілді.
Сондай-ақ бұл оқиғаға қатысты ҚР СІМ орынбасары Ержан Ашықбаев түсінік берген болатын.
Ол Қазақстан «әділ спорт» қағидатын ұстанатынын атап өтті.
«Допингпен күрес, спортшылармен ашық диалог секілді ұстанымға әрқашан да мән беріп келеміз. Біз таза спортқа, сондай-ақ біздің барлық спортшылар үшін бірдей жағдай жасауға екпін қоюдамыз. Қазақстан ЮНЕСКО-ның тиісті конвенциясына қосылды және барлық осы стандарттар пысықталуда», - деді Е. Ашықбаев.