Қазақстандық файтер Шавкат Рахмонов М-1 Challenge турнирінде чемпион атанды. Аралас жекпе-жектен өнер көрсететін қазақ жігіті бұл жолы ресейлік спортшымен күш сынасты.
М-1 Challenge турнирінде барлығы 12 жұп октагонда төбелесіп, екі чемпиондық белбеу сарапқа салынды. Жерлесіміз Шавкат Рахмонов пен ресейлік Данил Приказдың арасындағы бәсеке кештің ең басты кездесуі болды.
Жекпе-жекке орта салмақтағы бос тұрған чемпиондық белбеу қойылған еді. Екінші раундта Рахмонов қарсыласын техникалық нокаутпен жеңіп кетті. Бұл қазақстандық файтердің кәсіби спорттағы 11-ші жеңісі. Алматыда өткен турнирді тамашалауға Кәрім Мәсімов, Тимур Құлыбаев бастаған бір топ шенділер де келді.
«Бәрі мені қолдауға келгенін білген соң жеңілуге болмайтынын түсіндім, қолымнан келгеннің бәрін жасадым. Жекпе-жек көңілімнен шықты. Алдағы уақытта осы белбеуді қорғап, UFC-ге шығу ойымда бар», - деді турнир чемпионы Шавхат Рахмонов.