«Деңгейі түсіп кетті»: «Атырау» футбол командасының жанкүйерлері наразылық білдірді

Almaty.tv
Almaty.tv
30 жылдан астам тарихы бар атыраулық команда құрамында 6 легионер бар
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Атырау» футбол құрама командасының кезекті жеңілісіне куә болған жанкүйерлер наразылығын білдірді. «Жылына 1 миллиард 200 миллион теңгені игеріп отырған облыстық футбол клубының басшылығы жұмыстан кетсін» деп талап қойып отырған жанкүйерлер команданың сенімгерлік басқаруға берілгелі құты қашты деп алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.       

30 жылдан астам тарихы бар атыраулық футбол командасының болашағына алаң болған жанкүйерлер команда құрып бара жатыр дейді. «Жеңіліс таба берсе, негізгі құрамадағы 6 легионерге қыруар қаржыны неге төлейді?» деп бой көтерді.

«Соңғы 5-6 жылда футболымыз құрып бара жатыр. Бірінші лигаға түсіп қалдық. Бүкіл жанкүйерлердің тілегі –  «Сенімді басқару» дегенді алып тастап, қайтадан Үкімет меншігіне берсе екен. Үкімет өзі тексеріп отыратын еді», – дейді қала тұрғыны Мұрат Әбдіров.

Командада 15 шетелдік ойыншы болғанымен, оның алтауы легионерлер қатарында. Футбол әкімшілігі 1 легионерге төленетін максималды сома 2 миллион теңгеден аспайды дейді. Ал 3-4 мың жанкүйер ішінен шу шығарғандар арнаулы адамдар болуы мүмкін деп күдіктенеді директор.

«Жанкүйерлердің айтатыны «Неге жергілікті балаларды көтермейді?». Бұл тек 1-2 адамның ғана пікірі. Жанкүйерлермен кездескенде «Жергілікті балаларды неге құрамаға алады?» деп шыққандар да бар. Бұрын, 2000-2001-ші жылдары нәтиже жақсы болды дейді. Сол кездерді қарайтын болсақ, жергілікті Радионов пен Чуриев деген 2 ойыншы ғана болды», – деді «Атырау» футбол командасының директоры Қонысбай Шпанов.

Жанкүйерлердің шымбайына тигені – жергілікті спортшылардың басты ойындарда көрінбеуі. «Атырау» футбол командасынан жеңіс күтіп, қанша сауалдарын жеткізгенімен, өзгерер ештеңе жоқ. Жылма-жыл деңгейі төмендеп бара жатқан команданың бас жаттықтырушысы «Жұмыс істеп жатырмыз» деп қана жауап берді.

Райымбек Сафиолла, Айбек Байзақ, «Алматы» телеарнасы, Атыраудан

Новости партнеров