Алматыда экстремалды спорт түрімен айналысатындар саны артып келеді

Алматыда экстремалды спорт түрімен айналысатындар саны артып келеді
Заманауи үлгіде салынған экстремалды кешен еліміздің басқа өңірлерінде жоқтың қасы
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда алуан-түрлі дене-шынықтыру нысандары көбейген сайын, тұрғындардың спортқа деген қызығушылығы артуда. Әсіресе, экстремалды түрлерімен айналысатындар саны артып келеді. Бір ғана трамплин кешенінде орналасқан аймаққа күніне орта есеппен 40-қа жуық адам келеді екен. Биік белеске шығып, қорқынышын жеңбек болғандар нені ескеру керек? Almaty.tv тілшісі Мерей Қанапиянов біліп қайтты.

Бұл ұзындығы 375, биіктігі 45 метр болатын зиплайн. Трамплин спорт кешенінде орналасқан аймақ күн сайын адамға лық толы. Себебі соңғы уақытта экстремалды спортқа қызығатындар осында келіп, адреналин алады.

«Мен алматылық болсам да, мұнда бірінші рет келіп тұрмын. Сыртынан қарағанда өте қорқынышты. Бірақ ғаламтордан спортшылардың видеоларын көрген кезде ойланбастан төменге сырғуға шешім қабылдадым», – деді қала тұрғыны Жасмина Избулатова.

«Әсерімді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Бірінші рет секіргендіктен қатты қорқып едім. Қазіргі көңіл-күйім өте тамаша», – деді қала тұрғыны Нұртаза Мұнайдар.

Мамандардың айтуынша, осындай заманауи үлгіде салынған экстремалды кешен еліміздің басқа өңірлерінде жоқтың қасы. Сол үшін туристер бойындағы қорқынышын жеңу үшін арнайы Алматыға келіп, осында тоқтайды. Тіпті, өзге елдерден де қызығушылық танытып келгендер аз емес.    

«Бізге келетіндердің көпшілігі Қарағанды, Көкшетау, Павлодар, Нұр-Сұлтан қаласының тұғындары. Тіпті, жақында арнайы қонақтар келіп, туған күнін ерекше атап өткендер де болды. Расында, елімізде экстремалды спортқа қызығатындардың саны артып келе жатыр деп айтуға болады», – деді қала тұрғыны нұсқаушы Максим Василевский.

Біз де спортшылардан қалыспайық деп ұзындығы 375 метр болатын темірарқанмен төменге сырғуды жөн көріп отырмыз. Шыны керек, қазір аяқ-қолым қалтырап, әзер тұрмын. Алайда психологиялық тұрғыда дайындалып келгендіктен, шегінерге жол жоқ.

Иә, төмен сырғыған кездегі сезімді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Адреналин алып, көңіл-күйің көтеріліп қалады. Дегенмен қауіпті спорт түрі болғандықтан, ең алдымен психологиялық жағынан дайындалу керек. Мамандар қайғылы оқиғаны болдырмау үшін келушілерді алдын ала қауіпсіздік ережелерімен таныстырып, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Айта кетейік, бір рет төменге секіру құны 10 мың теңге. Нұсқаушылардың айтуынша, мұнда күніне 40-қа жуық адам келеді.

Мерей Қанапиянов, Арсен Сандыбаев, «Алматы» арнасы

Новости партнеров