Алматылық «Қайрат» неміс футболшысын қаншаға сатып алды

Almaty.tv
Almaty.tv
«Падерборн» клубының ойыншысы Штрели Мамба команда сапына қосылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматылық «Қайрат» неміс футболшысын сатып алды. Клуб басшылығы Германияның екінші бундес лигасындағы  «Падерборн» клубының ойыншысы Штрели Мамбаны сапына қосты. Трансфердің ресми сомасы жария етілмесе де, әйгілі Tranfermarket басылымы 26 жастағы шабуылшының нарықтағы құны 1,2 миллион еуроға бағалайды. Бұл футболшы Қайраттың қарқынын күшейте ала ма?  Толығырақ әріптесім  Almaty.tv тілшісі Мерей Қанапиянов баяндасын.

26 жастағы неміс футболшысы Штрели Мамба «Падерборн» клубынан бұрын «Штутгарт» жастар командасында ойнады. Сондай-ақ, «Энерги» сапында өнер көрсетті. Ол өзінің мансабында әйгілі клубтарға гол соғып, көзге түскен. Солардың бірі Дортмундтық «Боруссияға» жасаған дубілі. Осыған қарап-ақ еуропалық чемпионаттарда ойнау тәжірибесі бар екенін аңғаруға болады. Ол өзінің мансабында Германияның әртүрлі лигаларында 199 матч өткізіп, 65 гол соққан. Шабуылшы ақпан айында Қайрат сапына қосылып, жаттығуды бастайды. Бас бапкер болса Штрели құрамаға тамаша үйлесіп команданы күшейте түседі деген пікірде.

«Ойыншының ойнау мәнері өте жақсы. Мамбада жылдамдықтан бөлек, тамаша мінез бен үлкен тәжірибе бар. Бұрынғы клубтарында көрсете алмаған қырларын бізде ашады деп ойлаймыз», – деді «KAIRAT» FC бас бапкері Алексей Шпилевский.

Команданың бас бапкері трансферлік терезе әлі ашық екенін және жаңа ойыншылар алу жағын қарастырып жатқанын айтады. Сонымен қоса, «Қайрат» футболшыларының өткен жылғы жеңісті тағы бір мәрте қайталап, Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шығу үшін барын салмақ.

«Осы жылға үлкен мақсат қойып, дайындалып жатырмыз. Әрине, ең басты мақсатымыз Еуро кубоктік додаларда жеңіске жету. Сол үшін күнделікті жаттығуымызды күшейтіп жатырмыз. Күніне 3 мезгіл дайындаламыз. Түске дейін 2 рет. Түстен кейін 1 рет жаттығамыз. Алдағы уақытта Түркияға барып дайындығымызды пысықтап, түрік клубтарымен жолдастық кездесу өткіземіз», – деді «KAIRAT» FC бас бапкері Алексей Шпилевский.

Пандемия спорт әлемін өзгертті. Коронавирустың кесірінен әлі күнге дейін матчтар жанкүйерсіз өтуде. Өткен жылы «Қайрат» клубы араға 16 жыл салып ел чемпионы атанса да, көрерменсіз тойлауға мәжбүр болған еді. Жаңа маусымда барлығы қайта қалпына келіп, Алматылық жанкүйерлердің қошеметіне бөленеді деп үміттенеміз.

Мерей Қанапиянов, Ғани Қалуов «Алматы» арнасы

Новости партнеров