Алтын медаль дауы: жеңіл атлетика федерациясы наразылық білдірді

Ясминаның киген аяқ киім бренді World Athletics-тің рұқсат етілген аяқ киімдер тізімінде бар

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жеңіл атлетика федерациясы Ясмина Тоқсанбаеваның Азия ойындарында жеңіп алған алтын медалінен айырылуына байланысты ресми шағым түсірді. Есте болса, отандасымыз спорттық жүрістен мәреге бірінші болып келген еді. Алайда жарыстан кейін оның аяқ киімінің талапқа сәйкес келмегені анықталған. Осыған байланысты спортшының нәтижесі жойылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Федерация бұл шешіммен келіспей, наразылық білдірді. Ұйымның мәлімдеуінше, Ясминаның киген аяқ киім бренді World Athletics-тің рұқсат етілген аяқ киімдер тізімінде бар. Бұған қоса, жарыс алдында спортшының аяқ киімі тексеріліп, жарысқа қатысуына рұқсат берілген көрінеді. Қазір федерация Ясмина Тоқсанбаеваның құқықтары мен мүддесін қорғау жұмыстарын жалғастырып жатыр. Ал спортшы әлеуметтік желідегі парақшасында өзіне қолдау білдірген жандарға алғысын жеткізді.

"Мен елге алтын медаль сыйлауды қатты қаладым. Бірақ Алланың жазуы басқа болды. Нәтиже жойылды. Біз соңына дейін күрестік. Бұл жағдай мені арманымнан бас тартқыза алмайды. Маған қолдау білдірген жандардың бәріне рақмет айтамын", - деді қазақстандық жеңіл атлет Ясмина Тоқсанбаева. 

Айта кетейік, қазақстандық спортшылар Азия ойындарындағы сәтті жорығын жалғастырып жатыр. Қазір ел қоржынында жалпы 45 жүлде бар. Бүгін ауыр атлетикадан Алексей Чуркин мен Нұрғиса Әділетұлы күміс медаль еншілесе, әртістік жүзуден Қазақстан құрамасы командалық сайыста қола жүлдеге қол жеткізді. Сондай-ақ кураш күресінен Әділет Ахметғали қола медаль иеленді. Ал жеңіл атлетикадан сынға түскен Аделина Земс күміс жүлде жеңіп алып, ел қоржынына тағы бір медаль қосты. 

Оқи отырыңыз: Қазақстандық шахматшы 14 жасында гроссмейстер атанды