Дакардағы додада ел мерейін асырған жас боксшы Алматыға келді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Сенегал астанасы Дакарда өткен IV жазғы жасөспірімдер Олимпиадасында ел намысын қорғаған жас боксшы Марал Төлепберген Алматыға оралды. Спортшы дүбірлі додада қола медаль иеленді. Жас чемпионды жақындары, қалалық бокс федерациясының өкілдері мен спорт қауымдастығы зор қошеметпен қарсы алды, деп хабарлайды Almaty TV.

Айта кетейік, 54 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Марал Төлепберген Ұлыбритания мен Мысыр спортшыларын жеңіп, Олимпиаданың қола жүлдесін еншіледі.

Жасөспірімдер Олимпиадасының қола жүлдегері Марал Төлепберген жарыстың өзі үшін маңызды болғанын атап өтті.

«Бұл жарыс мен үшін өте маңызды болды. Қола жүлде алғаныма қатты қуаныштымын. Жарыстың атмосферасы ерекше сезілді. Ол жаққа әлсіз қарсыластар келмейді. Өзімді көрсете алдым деп ойлаймын. Алғашқы күні Англияның ең мықты спортшыларының бірі саналатын фаворит қызды жеңдім. Олимпиада ойындарына дейін Черногорияда өткен әлем чемпионатында дайындық жиынын өткіздік», – деді спортшы.