Келісімшарт аяқталды: «Каспий» клубы жас ойыншылардың жаттығуы қашан басталатыны белгілі болды

Жаттығу жұмыстарының үзілуіне алаңдаған ата-аналар клуб басшылығына келіп, өз наразылығын білдірді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ақтаудағы «Каспий» футбол клубының жас тәрбиеленушілері бір аптадан бері жаттыға алмай жүр. Ата-аналар клуб басшылығынан балаларға бұрынғыдай жаттығу жасауға мүмкіндік беруді талап етіп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Каспий» футбол клубының жас ойыншылары соңғы бір аптадан бері жаттығусыз қалды. Бұған клубтың жалдамалы спорт алаңдарымен жасалған келісімшартының тоқтап қалуы себеп болған. Жаттығу жұмыстарының үзілуіне алаңдаған ата-аналар клуб басшылығына келіп, өз наразылығын білдірді.

«Осы уақыт аралығында жаттығу 1-шағынауданда,  «Мұнайшыда» болып жүрді. Содан кейін «БС-Аренада» өтті. Ол өте алыс болды, бірақ сонда да барып жүрдік. Қазір одан да айырылып қалдық. Қазір балалар далада қалып отыр. Сондықтан талабымыз – «Мұнайшыны» қайтарсын. Себебі бізге жаттығу керек», – деді ата-ана Салтанат Ешманова.

«Каспий» футбол клубы жаттығулардың тоқтағанын растады. Басшылықтың айтуынша, аренаны жалдау үшін ай сайын 8 миллион теңге төлеп келген. Алайда келісімшарт мерзімі қазан айында аяқталған. Қазір «Жас қанат» стадионының басшылығымен жаңа келісімшарт жасалып жатыр.

«Бұл стадион біздің еншімізде емес. Ата-аналарды түсініп тұрмыз, олардың қойып отырған талабы дұрыс. Қазіргі таңда «БС-Аренамен» келісімшарт аяқталды. Бірақ балалар және жасөспірімдер спорт мектебімен келісімге келдік. Бұйырса, келесі аптадан бастап кестеге енгізіп, балалар жаттығуды бастайды», – деді «Каспий» футбол клубы директорының орынбасары Марат Тәкенов.

Клуб басшылығының айтуынша, қазір жаттығу кестесі пысықталып жатыр. Келесі аптадан бастап жас футболшылардың дайындық жұмыстары қайта жанданып, жаттығулар бекітілген кестеге сәйкес жалғасады деп жоспарланып отыр.

Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрдәулет, Ақтаудан

Оқи отырыңыз: Жар іздеймін: Алматыда азаматтарды тонайтын қылмыстық топ әшкереленді