Ольга Шмелева мен Татьяна Токарницкая Азия ойындарының күміс жүлдегері атанды
Жапонияда XX жазғы Азия ойындары өтіп жатыр
Қазақстан құрамасының спортшылары Ольга Шмелева мен Татьяна Токарницкая Жапонияда өтіп жатқан XX жазғы Азия ойындарында күміс медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚР Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстандық спортшылар байдарка мен каноэде есу жарысында әйелдер арасында 500 метр қашықтықтағы байдарка-екілік сайысында бақ сынады. Финалда Шмелева мен Токарницкая екінші нәтиже көрсетіп, ел қоржынына күміс жүлде салды.
Қазақстанда соңғы жылдары есу спортын дамытуға және заманауи спорт инфрақұрылымын қалыптастыруға ерекше көңіл бөлініп келеді. Соның бірі — Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Түркістанда салынған халықаралық деңгейдегі ескек есу каналы.
2025 жылы пайдалануға берілген кешеннің аумағы шамамен 100 гектарды құрайды, ал каналдың ұзындығы 2,2 шақырымнан асады. Нысан спортшылардың жаттығуына, оқу-жаттығу жиындарын өткізуге және халықаралық жарыстар ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Ольга Шмелева мен Татьяна Токарницкаяның күміс жүлдесі Қазақстан құрамасының XX жазғы Азия ойындарындағы кезекті медалі болды.