Алматы жазы: эстафетаға шаһардың аудандары белсене қатысты

Алматы әкімдігі / пресс-служба акима Алматы
Алматы әкімдігі / пресс-служба акима Алматы
Бұл іс-шаралар қауіпсіз, ыңғайлы және экологиялық қолайлы қалалық орта құруға бағытталған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқаны «Алматы жазы» жазғы экоакциясымен жалғасты. Іс-шара аясында субұрқақтар, өзендер, су айдындары мен жағалаулар тазартылып жатыр. Медеу ауданынан бастау алған экологиялық эстафетаға шаһардың 8 ауданы да белсене атсалысып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Алматы жазы» экоакциясы бастау алды. Науқан аясында субұрқақтар, өзендер, су айдындары мен жағалаулар тазартылып жатыр. Сондай-ақ осы маусымда адам көп баратын саябақтар мен скверлерге ерекше назар аударылмақ. Экоэстафета Медеу шатқалындағы демалыс орнынан басталды. Іс-шараға 100-ден астам адам қатысты, олардың қатарында олимпиада чемпиондары, альпинистер мен спорт шеберлері бар. Бірлескен күштің арқасында шамамен 10 текше метр қоқыс жиналды.

– Сенбілікке шықтық. Тазалық жұмыстарын жүргізіп қана қоймай, әсем қаламыздың тұрғындары мен қонақтарын шаһарымызға ұқыпты қарауға шақырамыз. Эстафетаға қатысып жатқандардың көп екені қуантады, – деді Рио олимпиадасының чемпионы Дмитрий Баландин.

Эстафета Бостандық ауданындағы Үлкен Алматы өзенінің жағалауын ретке келтірумен жалғасты. Онда жастар және аға буын өкілдері күш біріктірді. Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарынан 80-ге жуық зейнеткер және «Жасыл ел» мен комьюнити орталықтардан 120 қатысушы жиналып, 12 текше метр қоқыс шығарды. Іс-шараға қолдау көрсеткендер мұндай акциялардың патриотизмге тәрбиелейтінін айтты.

– Акцияны жиі ұйымдастырып тұрған абзал деп ойлаймын. Қаланың коммуналдық қызметі тынбай жұмыс істейді. «Алматы – біздің ортақ үйіміз» десек, онда мегаполисімізді таза ұстау – баршаға ортақ міндет. Сондай-ақ іс-шараға қатысушылардың дені жастар екені көңіліме медеу болып тұр, – деді ҚХА мүшесі Рустам Қайрыев.

Табиғат жанашырлары Мұқағали Мақатаев атындағы скверді де тазалады. Ондағы эстафетаны эстрада жұлдыздары мен оқушылар қабылдап алды. «Даму бала» шығармашылық және спорт секциясына баратындар сквер аумағын тазалап, тал-шыбықты кесіп, ақынның ескерткішін жуды. Оқушылар үшін скверде ашық аспан астындағы кітапханада дәріс ұйымдастырылды. Тазалық акциясына қатысқан эстрада жұлдыздарының қатарында Бақтияр Тайлақбаев, Асылбек Еңсепов, Өктем Алтаев, Нұркен Әшіров бар.

– «Таза Қазақстан», таза қала акциясы аясында «Алматы әуендері» ҚМҚК ұжымы Мұқағали Мақатаев атындағы саябақты тазартып, үлес қосып жатырмыз. Өте жақсы, көңілді науқан өтіп жатыр. «Жиі ұйымдастырылса» деген тілегіміз бар, – деді әнші, композитор Өктем Алтаев.

Экоэстафетаның келесі нүктесі Наурызбай ауданындағы Сақ қорғандары кешені болды. Онда зиялы қауым өкілдері мен белсенді қала тұрғындары скверді тазартты. Сондай-ақ қаланың шағын сәулет нысандары ретке келтіріліп, ағаштар мен бұталар кесілді.

– Алмалы ауданынан Наурызбай ауданы эстафетаны қабылдап алды. Ата-бабадан келе жатқан жәдігерді таза сақтап, бүліндірмей келер ұрпаққа лайықты дәрежеде жеткізуіміз керек, – деді ТҮРКСОЙ жазушылар одағының басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет.

Бұл іс-шаралар қауіпсіз, ыңғайлы және экологиялық қолайлы қалалық орта құруға бағытталған.

Еске сала кетейік, «Таза Қазақстан» акциясын тиімді іске асыру мақсатында бір апта бұрын Алматы қалалық мәслихатының депутаттары мегаполис аумағын көріктендірудің жаңа ережесін бекітті.

Гүлмарал Изатқызы, Әмина Үсенова, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Таза Қазақстан: Алматыда экологиялық акция жалғасуда

Новости партнеров