|
16.03.2023 | 10:43
234

Англияда мұғалімдер тағы ереуілге шықты

23 мыңнан астам мектеп жұмысын тоқтатып, оқушылар сабаққа бармады

Англияда мұғалімдер тағы ереуілге шықты Видеодан алынған кадр

Англияда ұстаздар қауымы тағы ереуілге шықты. Жүздеген мың педагог жалақыларын өсіруді және еңбек шарттарын жақсартуды талап етуді жалғастырып жатыр. 23 мыңнан астам мектеп жұмысын тоқтатып, оқушылар сабаққа бармады. Көшеге мұғалімдер ғана шыққан жоқ. Наразылығын білдіргендердің қатарында мемлекеттік қызметкерлер, кіші дәрігерлер, университет оқытушылары және метро жүргізушілері де бар. Бұл соңғы он жылда болмаған еңбек ұжымдарының дауы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Ұлттық білім одағы кәсіподақ ұйымына мүше мұғалімдердің бұған дейін де бас көтергені белгілі. Педагогтар жалақыны инфляцияға сәйкес көбейтуді және еңбек жағдайларын жақсартуды сұраған болатын. Бірақ биліктегілер оларға құлақ аспады. Қаржылық зерттеулер институтының мәліметінше, ұстаздардың табысы соңғы 12 жыл ішінде орта есеппен 11 пайызға азайған.

«Меніңше, жалақы көлемі мұғалімдердің еңбегіне татымайды. Тіпті, кейбір жұмыстарымыздың ақысы төленбейді де. Мысалы, мен сенбі күндері спорттық үйірме жүргіземін. Бірақ оған ақша алмаймын»,  дейді мұғалімдердің бірі.

«Біз балаларға сапалы білім беруіміз керек. 30 баладан тұратын бүкіл сыныпқа бір мұғалім жетпейді. Біз қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Бірақ оқушылардың қажеттілігін толық қанағаттандыра алмаймыз»,  дейді тағы бір ереуілге қатысушы.

Педагогтар күнкөріс деңгейінің күрт төмендеп кеткенін айтады. Елде жарық пен газ қымбат, ипотекалық несиелердің пайыздық мөлшерлемелері өскен, жалдамалы пәтерлердің ақысы аспандап тұр. Кедейшіліктің қамын киген мұғалімдер бұған шыдамай, жаппай жұмыстан кетіп жатыр. Ұстаздардың жетіспеушілігі білім сапасын төмендетіп тастады.

«Біз үкіметтің мектептер мен колледжерге және сонда жұмыс істейтін қызметкерлерге инвестиция салуын талап етеміз. Біздің балаларымыз және оларды оқытып жатқан адамдар бар жақсыға лайық. Біздің мектептер барынша қаржыландыруды қажет етеді. Үкімет бізге құлақ асуы керек», – дейді Ұлттық білім одағы кәсіподақ ұйымының бас хатшысы Кевин Кортни.

Кәсіподақ ұйымындағылар лайықты жалақы ұсынылмайынша наразылық шараларын тоқтатпаймыз дейді. Биліктегілер болса, айлық мәселесін шешу үшін келіссөздер жүргізуге шақырып жатыр. Білім министрі ереуілдерді доғарып, ортақ мәмілеге келуге үндеді.

«Біз алдымен инфляцияны екі есеге дейін азайтуымыз керек. Бұл – өте маңызды мәселе. Сол кезде ғана елдегі барлық адам оның пайдасын көреді. Егер біз жалақыны көтеретін болсақ, қымбатшылық деңгейі одан сайын арта түседі», – дейді Ұлыбритания білім министрі Джиллиан Киган.

Бұдан бөлек бұл күні 130 мыңнан астам мемлекеттік қызметкер, кіші дәрігерлер және университет оқытушылары бас көтерді. Метро жүргізушілері де жалақыларын өсіруді талап етіп, көшеге шықты. 24 сағат бойы жерасты көлік қатынасы жұмыс істемейді, жолаушылар діттеген жерлеріне жете алмай әлек.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир