Жапонияның JR East теміржол компаниясының қызметкерлері алғаш рет өздігінен басқарылатын «синкансэн» экспресін сынақтан өткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Сәрсенбі күні таңертең жүргізілген сынақ кезінде 12 вагоны бар шапшаң жүретін пойыз жүргізушісі автоматты режимге өткізген соң, қандай да бір қол жұмысынсыз жұмыс істеді. Е7 сериясындағы пойыз диспетчерлік пунктен қашықтықтан басқарылған.
Бұл – Жапонияда өте шапшаң жүретін пойыздың автономдық жұмысының алғашқы сынағы. Түпкі мақсаты машиниссіз жүретін пойыз болғанымен, сәрсенбіде өткізілген сынақ кезінде қандай да бір төтенше жағдайға әзір болу үшін оның ішінде бірнеше жүргізуші мен қызметкер болған. Ниигата стансасынан 5 шақырымға жуық жолдан өтіп, берілген максималды жылдамдық – сағатына 110 шақырымға жеткен пойыз Cинкансэн Ниигата вокзалында тоқтады. JR East ресми өкілі автономды пойыздың тоқтау әдісі машинист жұмысына «тең келетінін» айтып, компания оған әлі де жетілдіру жұмыстарын жүргізетінін қосып өтті. Жапонияда темір жолда автоматты басқару жүйелері жердегі және өткелдері жоқ кейбір монорельсті жолдарда енгізілген.