Әлем аруы байқауына Моңғолияның атынан қойшының қызы қатысады

Фото: instagram.com/officialmissuniversemongolia
Фото: instagram.com/officialmissuniversemongolia
Номинзул Зандан биылғы дүниежүзілік конкурста басты жеңімпаз атануы мүмкін
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Дүниежүзілік сұлулар додасында Моңғолия атынан қойшының қызы қатысатын болыпты. «Miss Universe 2024» (Әлем аруы-2024) биылғы 16 қарашада Мексиканың астанасы Мехикода, осымен 76-шы рет өтпек. Оған Моңғолия атынан "Miss Universe Mongolia" мәртебесіне ие Номинзул Зандан қатысады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.

Номинзул Моңғолияның Булган аймағындағы Могод сомонында (ауылында) қойшының отбасында дүниеге келген. Сонда өсіп, бой жеткен. Барлық ауыл баласы құралпы балалық шағы қой бағып, атқа мініп, сиыр сауып, қорадағы қара жұмыспен және үй шаруашылығымен өткен.   

Алайда жеңімпаз ретінде әлемдік «Miss Universe 2023» додасына қатыса алмады: халықаралық байқау басталған кезде кәмелет жасқа толмаған еді.

Бір жыл өткеннен кейін «Miss Universe Mongolia» ұйымының сұрауымен 18 жастан асқан Номинзул Зандан 2024 жылғы әлемдік байқауға Моңғолия атынан қатысушы ретінде бекітіле алды. Осыдан кейін оның тұлғасына бүкіл халықаралық қоғамдастық назар аударды.

Соның ішінде, Интернеттің ағылшын және испан тілді сегменттері «Не деген сұлулық!», «Моңғолияда қойшының қызы осындай болса...» деп Шығыс қызына тамсанып, шын тәнті болуда. Үріп ауызға салғандай көркем моңғол моделі, сұлулық ханшайымы Номинзул Занданның атына небір эпитеттер мен сақтау-комплименттер тоқтаусыз жауып жатыр.

Номинзул Зандан туралы 10 дерек:

  • Ол – ауылдың қызы, Могод сомонында 2006 жылы дүниеге келген.
  • Ол бүгінде моңғол астанасы Ұланбатырда тұрады.
  • Ол Ұланбатырдағы Моңғолия Ұлттық университетінің студенті.
  • Ол – болашақ әлеуетті есепші: университеттен бухгалтерлік есеп бойынша бакалавр дәрежесін алып шықпақ.
  • Оның бойы – 5 фут 8 дюйм (бізше шамамен 175 сантиметр).
  • 2022 жылғы 11 қазанда Ұланбатырдағы сұлулар байқауында ең үздік топ-модель атанды.
  • Алтын бесігінен кіндігі үзілмеген қыз. Ауылдан жерінбей, туған жеріне жиі барып тұрады. Мысалы, 2022 жылғы 4 шілдеде Могодта қыдырып жүргенін әлеужеліде жариялады. 2023 жылғы 26 шілдеде Булган аймағының Хишиг-Өндөр кентіндегі туыстарына барғанын хабарлады.
  • 2023 жылғы 11 тамызда ақпарат құралдары Моңғолияның тәжді аруының сиыр сауып отырғанын сюжет етті. Номинзул үшін бұл таңсық емес еді.
  • 2023 жылғы 10 қазанда Номинзул Ұланбатырдағы "Зайсан Хилл" сарайында өткен "Әлем аруы Моңғолия-2023" конкурсында бақ сынап, басқа 16 сұлу бикешпен бәсекелесті. Номинзул алдына қара салмай, титулды жеңіп алды, басына тәж киді.
  • 2023 жылғы 19 қазанда оның сол жылғы «Әлем аруы» жаһандық байқауына қатыса алмайтыны белгілі болды. «Miss Universe 2023» байқауы былтыр Сальвадор елінің астанасы Сан-Сальвадорда 18 қарашада өткен болатын. Онда Моңғолияны екінші вице-мисс, 23 жасар Намуунзул Батмагнай (Батмагнайн Намуунзул) алмастырды.

Есесіне, Номинзул Занданға дүниежүзілік конкурста биыл «Әлем аруы» атану мүмкіндігі беріліп отыр. Әлеуметтік желіде Номинзул туралы жаһан жұртшылығы «next top model», «Crown her» (тәж соныкі!), «she’s the winner» (Ол жеңімпаз) деп пікір жазуда.

Егер ол шынымен дүниежүзілік байқаудың тәжіне қол жеткізсе, өз аймағының тарихында осы атаққа қол жеткізген тұңғыш бойжеткенге айналады. Жалпы, «Әлем ару» байқауында Шығыс арулары жиі жеңе бермейді. 1952 жылдан бері жылда өтетін бұл жаһандық конкурста Азия атынан 4 рет Филиппин, 3 рет Үндістан, 2 рет Жапония, 1 рет Ливан аруы ғана жеңімпаз атанған екен.

«Мен бұл конкурсқа екі басты мақсатпен қатысып отырмын. Біріншіден, өз елімнің атын әлемдік аренада қорғап, даңқын асыру, екіншіден, таныстарымның шеңберін кеңейтіп, кіл мықтылардан үйрену», – дейді Номинзул Зандан.

Жалпы алғанда, Моңғолия өз тарихында сұлулардың жаһандық аламанына осымен үшінші рет қатысып отырған көрінеді. Алғаш рет 2018 жылғы 17 қазанда ел астанасы Ұланбатырдағы Corporate Hotel and Convention Centre концерттік залында ұйымдастырылған «Әлем аруы Моңғолия» ұлттық байқауында Долгион Дэлгэржав моңғол тарихындағы сұлулар тәжін киген тұңғыш бойжеткенге айналды.

2019 жылғы 20 қыркүйекте UB Palace концерттік залында өткен екінші ұлттық байқауда бұл титулды Гунзая Бат-Эрдэнэ жеңіп алды. Ковид пандемиясына байланысты 2020, 2021 және 2022 жылдары байқау өткізілмеген. 

Оқи отырыңыз: Шашты күн сайын жуудың зияны қандай


Новости партнеров