Аталған аймақтағы қазақ диаспорасының ақсақалдар алқасы мен «ана тілі» пәнінен сабақ беретін мектеп мұғалімдері осылай деп дабыл қағуда. Ал, ұлттық салт-дәстүрді жастары 40-тан асқандар ғана ұстанса, жас буын өз ұлтының тарихы мен тіліне деген қызығушылықтары азайып бара жатқан көрінеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Марфуға Лукманова туғанынан Астрахань облысында өмір сүріп келеді. Осында балаларын өмірге әкеп, немерелерінің қызығын көріп отыр. Қазақстан туралы жақсы біледі, елге жиі барып тұрады. Себебі, үлкен ұлы Нұр-Сұлтан қаласында тұрады. Тарихи отанына деген сағынышы болса да ақжаулықты ана Ресейдегі қандастары арасында туған тілі мен ата дәстүрін сақтап қалу үшін осында тұруға мәжбүр.
«Жастар бұрындары орыс тіліне қарағанда қазақ тілін жақсы білетін. Ал, соңғы жылдары орыс тілінде сөйлейтіндердің қатары көбейген. Бірақ біз үйде өз ана тілдерінде сөйлеуді жиі айтып отырамыз. Жастар арасында қазақтың салт-дәстүрлерін де насихаттаймыз. Немерелеріме де қазақ тілін үйретіп жүрмін», - деді Астрахань облысының тұрғыны Марфуға ЛУКМАНОВА.
Осы аймақта 9 жыл бұрын жүргізілген халық санағының деректері бойынша Астрахань облысында 150 мыңға жуық этникалық қазақ тұрады. Көпшілігі облыс орталығының маңында қоныстанған.
«Қазақстан Республикасының Астрахандағы консулдығы 2003 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бұл біздің консулдық аймаққа РФ 5 облысы кіреді. Олар: Астрахань, Орынбор, Саратов, Волгоград және Самара облыстары. Өздеріңізге мәлім Астрахань облысы қазақтар ең көп шоғырланған өңірі болып табылады», - деді ҚР Астрахань қаласындағы консулы Қанат ШЕКҚАЛИЕВ.
Егде жастағы қазақтар өздерінің тарихи отанына қатысты қолдарындағы барлық мағлұматқа аса ұқыптылықпен қарайды және Қазақстанның көрікті жерлерін мақтанышпен айтып отырады. Бірақ мұның 30 жасқа дейінгілерге қатысы жоқ. Өкінішітісі, 2-3 жылда жастардың мәдениетке, ана тіліне деген қызығушылықтары азая бастады дейді қазақ тілі оқытушылары.
«Әрине тіл маманы ретінде өте жанымыз ашиды. «Ана тілің арың бұл, ұятың боп тұр бетте, өзге тілдің бәрін біл өз тіліңді құрметте» деп, Қадір атамыз жырлағандай соңғы кезде Ресей өлкесінде қазақ тілі төменге түсіп кеткені жанымызға қатты батады. Өкінішке орай, қазір балалар түгіл жастар да қазақ тілін білмейді», - деді Астрахань мемлекеттік техникалық университетінің қазақ тілі пәнінің оқытушысы Әлия ҒҰМАРОВА.
Астрахань жастары Қазақстан туралы тек ғаламтордан немесе үлкендердің әңгімесінен ғана біледі екен. Тіпті, жергілікті телеарналарда қазақ тілінде бірде бір телехабар таратылмайды. Қуаныштысы, бірнеше ай бұрын қазақ тілін үйренушілерге Астрахань техникалық университетінінің жанынан арнайы тіл курсы ашылған. Онда студенттерден бөлек кез-келген адам білім ала алады. Бірақ аталған орталыққа қазақтардан бұрын жазылып, бөтен тілді үйренуге ниет танытқандардың бірі, тегі африкалық - Франк Оливье. Оның айтуынша, Қазақстанның терең тарихы мен мәдениеті тіл үйренуге деген қызығушылығын оятқан. Осылайша қазақ тілін меңігерген ол, бүгінде той-томалақтарда тамада болып, кәсібін домалатып жүр.
«Мәдениет те спорт сияқты. Адамдарды жақындастырады. Неге қазақ тілін таңдады десеңіздер, менің араласатын ортамда қазақтілді азаматтар көп. Жақын достарым да қазақ тілінде сөйлейді. Сол себепті, осы тілді меңгеруді қолға алдым», - дейді кәсіпкер Франк ОЛИВЬЕ.
Тілге қойылған кедергілерге қарамастан жергілікті қазақ жастары болашақта тарихи Отандарына бір рет болса да барып, өз көздерімен көруді армандайды.
Арнат Дүйсен, Жанат Айтенова, Әсет Құндақбаев, «Алматы» теларнасы