Жапониядағы тайфун салдарынан миллиондаған адам эвакуацияланды

elements.envato.com
elements.envato.com
Әзірге кемінде үш адам қаза тауып, көптеген адамдар жараланғаны хабарланды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Кеше, 28 тамызда Жапонияның оңтүстік-батысына «Шаншань» тайфуны қатты жел мен жаңбыр әкеліп, электр жүйелерін істен шығарып, әуе қатынасын шектеп, ірі зауыттарды жабуға мәжбүр етті. Миллиондаған адамдар үйлерінен көшірілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Әзірге кемінде үш адам қаза тауып, көптеген адамдар жараланғаны хабарланды. Шенеуніктер бұл аймақтағы ең күшті дауылдардың бірі болуы мүмкін деп дабыл қағуда. Тайфун Кюсю аралының оңтүстігіндегі Миядзаки қаласында үйлердің терезелерін сындырып, қабырғаларды қиратқан.

Жылдамдығы секундына 50 метр (сағатына 180 км) тайфун Нагасаки префектурасының Унзен қаласына кеп соққан. Метеорология агенттігінің мәліметінше, тайфун солтүстікке қарай сағатына 15 шақырым жылдамдықпен жылжуда.

Kyushu Electric Power Co компаниясының мәліметі бойынша, жеті префектурадағы 230 мыңға жуық үй шаруашылықтары жарықсыз қалған.

Министрлер кабинетінің бас хатшысы Ёсимаса Хаяси тайфунмен байланысты оқиғаларда үш адамның қаза тапқанын және бір адамның із-түзсіз жоғалғанын, Табиғи апаттарды басқару агенттігі 45 адамның жарақат алғанын хабарлады. Ел бойынша 5,2 миллионнан астам адам эвакуацияланды.

Кюсюдан кейін тайфун алдағы бірнеше күнде орталық және шығыс аймақтарға, соның ішінде ел астанасы Токиоға жақындайды деп күтілуде, деп хабарлады метеорологиялық агенттік.

Ақпаратқа сәйкес, әуе компаниялары 800-ге жуық рейсті тоқтатқан. Кюсю аралының көптеген аудандарында пойыздар, жүздеген автобустар мен паромдар да тоқтатылды.

Айта кетейік, бұған дейін Жапонияда «Шаньшань» тайфуны жақындауына байланысты 230-дан астам рейс тоқтатылғанын жазған едік.

Новости партнеров