Джо Байден сәрсенбі күні АҚШ президенті лауазымына ресми кірісті. Ал вице-президент қызметіне Камала Харрис келді. Осылайша, ол бұл лауазымға тағайындалған алғашқы әйел болды. Олар 20 қаңтар күні түсте өткен инаугурация рәсімінде ант берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Голос Америки» Жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап.
Бұл жолы президенттің ұлықтау рәсімі коронавирус пандемиясына байланысты әдеттегіден қарапайым өтті. Капитолийден бастап Ұлттық саябақ бойымен тізіле тұратын жүз мыңдаған адамның орнына АҚШ штаттары мен аумақтарының 200 мыңнан астам Туы ілініп тұрды.
Капитолийге инаугурация рәсіміне келмес бұрын Джо Байден әйелі Джиллмен және Камала Харрис күйеуі Даг Эмхоффпен бірге Әулие апостол Матфей соборында дұға оқу шарасына қатысты. Бұл шара басталар алдында президент лауазымын босатып жатқан Дональд Трамп Ақүйден шығып, тікұшақпен Флоридаға ұшып кетті. Д.Трамп соңғы 150 жылда өзінің ізбасарының ұлықтау рәсіміне қатысудан бас тартқан АҚШ-тың алғашқы басшысы болып отыр.
Инаугурацияға экс-президенттер Барак Обама, кіші Джордж Буш, Билл Клинтон және олардың жұбайлары Мишель Обама, Лора Буш және Хиллари Клинтон қатысты. Сондай-ақ салтанатты рәсімге лауазымынан кетіп жатқан вице-президент Майк Пенс пен оның жұбайы Карен Пенс қатысты.
Ұлықтау рәсімінде өнер көрсеткен әншілер Леди Гага және Дженнифер Лопес болды. Л.Гага АҚШ-тың ұлттық әнұранын орындады. Шарадан кейін Байден мен Харрис Арлингтон ұлттық зиратындағы Белгісіз солдат бейітіне гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысатыны айтылуда. Бұдан әрі Д.Байден президент ретінде бірқатар жарлықтар мен қаулыларға қол қоюды жоспарлаған. Оның командасының мәліметінше, мәселе Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен ықпалдастықты қайта жандандыру, Климат жөніндегі Париж келісіміне қайта қосылу, бірнеше мұсылман елдерінен АҚШ-қа келуге тыйым салу туралы Д.Трамптың тапсырмасының күшін жою, АҚШ-та нәсілдік тең құқықты қамтамасыз ету бойынша үл үкіметінің күш-жігерін белсендіру, бала кезінде Америкаға заңсыз келген азаматтардың құқығын қорғауды күшейту турасында болып отыр. Сонымен қатар, Д.Байден ел халқын азаматтық патриоттыққа шақырып, коронавирус пандемиясы кезінде маска тағуға үндеуді жоспарлауда.