Польшадағы атыс: елде аза тұту күндері жарияланды
Краковта алты адам қаза тауып, 15 адам жараланды
Польшаның Краков қаласындағы орталық алаңда болған атыстан алты адам қаза тауып, тағы 15 адам жараланды. Оқиғаға байланысты елде 8-9 қараша жалпыұлттық аза тұту күндері болып жарияланды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Associated Press агенттігінің хабарлауынша, қайғылы оқиға 7 қарашада сағат 15:00 шамасында қаланың Бас базар алаңында болған.
Алдын ала мәлімет бойынша 25 жастағы польшалық азаматы көлігімен алаңға келіп, жол-жөнекей өтіп бара жатқан адамдарға оқ атқан. Шабуыл кезінде дүкендердің бірі мен трамвай зақымданған.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, күдікті әскери үлгідегі AR-15 винтовкасынан оқ атқан. Оқиға орнына жедел қызметтер мен медицина мамандары жұмылдырылып, зардап шеккендерге көмек көрсетілген. Күдікті полициямен атыс кезінде жараланып, ауруханаға жеткізілген. Екі полиция қызметкері де жарақат алған, олардың бірінің жағдайы ауыр.
Польшаның ішкі істер министрлігі күдіктінің радикалды және ультраұлтшыл көзқарасты ұстанғанын мәлімдеді. Ал премьер-министр Дональд Туск шабуылды теракт деп атады.
Оқиғадан кейін күдіктінің Краковтан шамамен 150 шақырым қашықтағы Островец-Свентокшиски қаласында орналасқан үйінен тағы үш адамның мәйіті табылған. Алдын ала мәлімет бойынша, олар күдіктінің жақын туыстары болуы мүмкін. Қазір олардың жеке басы мен қаза болу мән-жайы анықталып жатыр.
Польша билігі мәлімдегендей, Краковтағы атыстан қаза тапқандардың төртеуі - әйел, екеуі - ер адам. Қайтыс болғандардың арасында Ұлыбритания азаматы да бар. Зардап шеккендердің арасында шетелдіктер мен полиция қызметкерлері бар.
Президент Кароль Навроцкийдің шешімімен 8 және 9 қараша Польшада жалпыұлттық аза тұту күндері болып жарияланды. Осы күндері ел аумағындағы мемлекеттік тулар төмен түсіріледі. Ал Краков қаласында аза тұту 11 қарашаға дейін жалғасады. Қала әкімдігі осы кезеңде жергілікті билік, мекемелер мен муниципалдық компаниялар ұйымдастыратын іс-шараларды тоқтатты.
Сонымен қатар атыстан кейін Варшавада полиция патрульдері күшейтіліп, қалаға кіреберіс жолдарда бетон бөгеттер орнату жұмыстары басталған. Краков қаласының мэрі аза тұту күндерінде де қала туристер үшін ашық болатынын мәлімдеді.
Оқи отырыңыз: Эпидемиялық маусымда үй жағдайында қандай сақтық шараларын сақтау керек