Алматы қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Асфендияров атындағы ҚазҰМУ иммунология кафедрасының меңгерушісі Эльмира Битанова қала тұрғындарын коронавирус вакцинасы туралы жалған ақпаратқа сенбеуге шақырды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Иммунологтың айтуынша, вакцинадан бұрын антиденеге тест жасау тиімсіз. Өйткені олардың болуы вакцинаға әсер етпейді.
Эльмира Битанова коронавирус инфекциясын жұқтырған адамдардың вакцинадан бас тартпау керектігін айтты. Уақыт өте келе COVID-19 антиденелерінің саны азайып, індетті қайта жұқтыру қаупі бар.
Иммунолог вакцинаның бірінші кезеңінен кейін иммунитет төмендеп, коронавирус инфекциясын жұқтыру қаупі артады деген аңызды жоққа шығарды. Спикер жанама әсердің қалыпты екенін мәлімдеді. Өйткені вирустың өзі үлкен қауіп төндіреді. Сондай-ақ, вакцина онкология мен басқа да генетикалық ауруларды тудырмайды. Бұл –ақпарат жалған.
Эльмира Битанова вакцина жұқпалы ауруларға қарсы тұратынын айта келіп, кез-келген вакцинаның қалай әсер ететінін түсіндірді.
«Вакцина иммундық жүйені қалыптастыру үшін жасалған. Бұл туа біткен иммунитет сияқты. Әрі қарай адаптивті иммунитет қалыптасады. Бұл тізбек антигенмен алғашқы кездесуде аяқталады. Содан кейін жад жасушалары пайда болады. Олар бірегей әрі қоздырғыш түрінде келеді. Бұл вакцинаның екі кезеңін білдіреді», – деді Э. Битанова.
Ол вакцинадан кейін температура көтерілсе, алаңдамауға шақырды. Айтуынша, бұл иммундық жауапқа тән реакция.
Иммунолог вакцина алған адамдарға санитарлық-эпидемиологиялық шараларды да сақтау керектігін ескертті. Өйткені вирус әлі бар.
Журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, Э. Битанова ауасы тығыз әрі желдетілмейтін бөлмелерден аулақ болу керектігін ескертті. Вирус жабық немесе ауа желдеткіші қосылған бөлмеде тасымалдану қаупі жоғары екенін айтты.
«Вирусты бір бөлмеден екінші бөлмеге тасымалдауға болады. Өйткені Жапониядағы лайнерлерде адамдар өз кабиналарынан шықпай-ақ жұқтырған», – деді Э. Битанова.