Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасының орынбасары Лаура Мырзағали мектептердің егу пункттерінде жасөспірімдерді вакцинациялау келесі аптада басталатынын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
"Бүгіннен бастап біз жасөспірімдерге емханаларда екпе сала бастадық. 12-17 жастағы 1 619 баланың екпе алғысы келеді. Егер жасөспірім ата-анасының келісімінсіз вакцинацияға келсе, медицина қызметкерлері олармен хабарласып, келісімін сұрайды. Тізімдер бар, педагогтар бізге көмектеседі", – деді Л. Мырзағали.
Дәрігерлер өз тараптарынан жасөспірімдерді вакцинациялау алгоритмін түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Мәселен, ата-аналар, егер қаласа, балаларын вакцинациялау кезінде емханада да, мектепте де бірге бола алады.
Бүгінде 12-17 жас аралығындағы қазақстандық жасөспірімдерге ДДҰ мақұлдаған және 12 жастан асқан балалар мен жүкті әйелдерге салуға рұқсат етілген «Комирнати» («Pfizer» компаниясы) вакцинасы егілетін болады.