Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу инстуты алдағы 3 жылда жаңадан 5 вакцина өндіріп шығармақ. Алдағы жоспарларын таныстырған мекеме отандық ғылымды дамытып, нарықта импорттық вакцинаның үлес салмағын азайтуды мақсат етпек. Ал, бірнеше күннен кейін коронавирусқа қарсы қазақстандық QazCoVac-P вакцинасы клиникалық зерттеулердің екінші фазасынан өткізілмек, деп хабарлайды Almaty.tv
«Ел үшін егілемін» азаматтық штабының өкілдері Жамбыл облысындағы Отар елдімекенінде орналасқан Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтында болып, вакцина жасау өндірісімен танысты. Былтыр институт жанынан ашылған «OtarBioFarm» зауытындағы құрал-жабдықтар әзірге сынақ жүйесінде тексеріліп жатыр. Қыркүйек айында өндіріс орны жұмыс режиміне көшіп, жыл соңына дейін 60 млн доза вакцина шығаруды көздеп отыр. Институт басшысы елде QazVac вакцинасының екі бірдей компонентін 300 мыңнан астам отандасымыздың алғанын айтады.
«Дегенмен бүгінде ең қиыны – реактив пен құрал-жабдықтарды сатып алу. Мемлекеттік сатып алу порталы арқылы бұл мәселені шешу қиын. Сондықтан көптеген жаңа норма енгізуіміз керек. Материалдар бізге кедергісіз келуі керек. Сондықтан бұл мәселені жан-жақты қарастырып, біздің ғалымдардың, қызметкерлердің жағдайын көтеру қажет», – деді «Биологиялық қауіпсіздік проблемалары» ҒЗИ РМК бас директоры Күнсұлу Закария.
Отандық QazVac екпесі коронавирус инфекциясынан қорғау жағынан да, иммуногендік жағынан да осыған ұқсас технологиямен әзірленетін басқа вакциналардан кем түспейді. Екпенің соңғы 3-фазасын клиникалық зерттеулерден өткізу 9 шілдеде аяқталды.
«Қазақстандықтар отандық QazVaс вакцинасын қолдауы керек. Бұл вакцинаның иммуногендік қасиеті шетелдікінен артық болмаса кем емес. Бірақ біздің қоғам соны әлі түсінбей жатыр. Өзіміздің биологиялық қауіпсіздігімізді қамтамасыз ету үшін осындай ғылыми-зерттеу институтының дамуын ойлауымыз керек. Бүгін ғылыми мекемененің көптеген мәселесін естіп-білдік. Олар міндетті түрде Үкіметте қаралуы қажет. Бұл бағытта халыққа нақты әрі жан-жақты ақпарат береміз», – деді коронавирус пандемиясымен күрес жөніндегі «Ел үшін егілемін» азаматтық штабының мүшесі Рахым Ошақбаев.
Тек елімізде емес, Орталық Азия аймағында қауіпті вирустарды зерттеумен айналысатын ғылыми орталық осы уақытқа дейін 67 вакцина өндірген. Олар негізінен мал ауруларына қарсы салынатын екпе. Институт ғалымдары әлемде алғашқылардың бірі болып коронавирусқа қарсы QazVac екпесін жасап шығарды.
Сая Меңдеке, «Алматы» телеарнасы