Алматыда кәсіпорындардағы екпе алған қызметкерлерді тексеру басталады. Мониторингтік топ жұмыс күндері таңғы сағат 10:00-ден кешкі 17:00-ге дейін мекемелерді араламақ. Тексеріс жұмыстары қалай жүргізіледі? Тәртіп бұзушылар қандай жазаға тартылады? Жалпы қалада вакцинациялау қарқыны қандай? Almaty.tv тілшісі Жанар Ғаниқызы айтсын.
Қызметкерлері 50-ден асатын және жұмысшылардың 60 пайыздан кемі екпенің бірінші компонетін алған мекемелерді енді мониторингтік топ тексереді. Рейд жұмыстары InfoKazakhstan электрондық платформасында жүзеге асырылады. Мекемедегі қызметкерлер саны көп болған сайын тексеріс тобы вакцинация паспортын соғұрылым көп адамнан талап етпек. 7 күн ішінде тапсырылған ПТР сараптама нәтижесі, медициналық қарсы көрсеткіш туралы анықтамасы барлар немесе соңғы 3 ай ішінде коронавируспен ауырғандардан вакцинация паспорты талап етілмейді. Өзге жағдайда мекеме басшысы жауапкершілікке тартылады. Тіпті 1 жарым миллион теңге көлемінде айыппұл арқалауы мүмкін.
«Алдымен мекеме басшысына ескерту жасалады. Жағдай қайталанса, жұмыс берушіні әкімшілік жазаға тарту мәселесі қарастырылады. Кейін жергілікті басқарма өкілдері мекемені Ashyq жобасынан шығару туралы шешім қабылдайды», – деді Қаланың бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин.
Қаланың бас санитариялық дәрігері шаһардағы эпидахуалдың жақсаруын қоғамдық иммунитеттің 46 пайызға жеткенімен байланыстырды. Ал, вакцинацияланғандар саны 75 пайызға жетсе жағдай тұрақталады дейді мамандар.
«Екпе алғаннан кейін сіз иммундық жүйесі қалыптасқан адам ретінде еш алаңдамасаңыз болады. Вакцина салдырған адамдар саны неғұрылым көп болса, соғұрылым індет жұқтырғандар азая береді. Сол себепті халықты екпе салғызуға шақырамын», – деді ҚРМУ тәжірибе және клиникалық жұмыс бөлімінің басшысы Наталья Рахальская.
Коронавируспен ауырғандардың статистикасына сәйкес, олардың 99,9% вакцина алмағандар. Екпе алғаннан кейін тек 0,1%-ы ғана ауырған. Вакциналардың түріне қарай жіктесек, 1-компонент алып ауырғандардың саны – 7 070 адам. Ал, 2-компонент алғаннан кейін 13 141 адам ауырған. Бұл – 0,2%. Қазіргі таңда Алматыда екпе алғандардың саны 900 мыңға жуықтады. Бүгінде алматылықтар вакцина алудың маңыздылығын жақсы түсінеді.
«Бұрынғы жағдайға келуіміздің бір-ақ жолы – вакцина алу. Сондықтан бүкіл суденттерді, жастарды, азаматтарды вакцина алуға шақырамын», – деді қала тұрғыны Мәди Нұржау.
«Балам мен жолдасым алды. Бәріміз ауырмау үшін, денсаулығымзды ойлап алдық», – деді қала тұрғыны Гүлнәр Жанзақова.
Айта кету керек, Алматы қаласында 160 вакцинация пункті жұмыс істейді. 237 вакцинация бригадасында 1 028 медицина қызметкері жұмылдырылған.