Дәрігерлер КВИ екпесінің созылмалы ауруларға тигізетін кері әсері жоқ екенін айтты

almaty.tv
almaty.tv
Алматыда вакцина алғандардың саны 345 мыңнан асып кетті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда вакцина алғандардың саны 345 мыңнан асып кетті. Ал, дәрігерлер коронавирус екпесінің созылмалы ауруларға тигізетін ешқандай кері әсері жоқ екенін айтты. Тек қабылдайтын дәрі мөлшері мен аурудың қозу сатысы дұрыс болуы керек. Қандай да бір аурумен зардап шегетіндер қай кезде екпе алмай, күте тұруы керек? Жалпы коронавирус екпесінің ағзаға тағы  қандай оң әсері бар? Almaty.tv тілшісі Жанар Ғаниқызы ақ халаттылармен тілдесіп қайтқан еді. Назар салайық.

Қазақ ревмотология қауымдастығының төрағасы ревматикалық аурумен ауыратындарға вакцина алу міндетті дейді. Өйткені екпе ағзаның қорғаныс күшін арттырады. Ал, кез келген созылмалы ауруы бар науқастардың иммундық жүйесі төмен екені белгілі. Бірақ аурудың қозу сатысы мен қабылдап жүрген гармонды дәрілердің мөлшеріне байланысты белгілі бір талаптарға бағынған жөн дейді мамандар.

«Жай адамдарға қарағанда оларға біз бірнеше есе вакцина жасау керектігін айтамыз. Ауырған адамның сатысы төмендегенде ғана айтамыз біз соны қабылдау керек деп. Тағы да бір ерекшелігі бар егер гормон преднизалонның дозасы 15 мг-нан асатын болса, онда сол жағдайда жасауға болмайды деп айтамыз», – деді Қазақ ревматология қауымдастығының төрағасы Ғалымжан Тоғызбаев.

Эндкринолог мамандардың айтуынша, коронавирустың эндокриндік бездерге тигізер зардабы үлкен. Яғни, қалқанша безі, ұйқы безі,  бүйрекүсті безінің жұмысы бұзылады. Сондықтан бұл санаттағы науқастарға да вакцина алу міндетті. Тек кетоацидоз, яғни ағза уланып тұрған кезде алты айға жуық уақыт күткен жөн. Одан бөлек, жайылмалы улы зоб, жүрек және көз аурулары мазалаған жағдайда дәрігермен кеңескен дұрыс.

«Қандағы қанты өте жоғары болса, төмендемей тұрса, оларды қоя тұру керек. Қай уақытта қандағы қанттың деңгнейі қалыпты жағдайға жеткізгенде жасауға болады.  Вакцинация, Казвак қант диабетімен ауыратын және эндокриндік науқастарға ең тиімдісі осы», – деді С. Ж. Асфендияров атындағы  ҚазҰМУ эндокринология кафедрасының профессоры Жангетхан Абылайұлы.

Вакцина – әлемдік індеттен құтылудың жалғыз жолы. Дәрігерлер мұның ешқандай кері әсері жоқ екенін тағы еске салды. Айта кету керек,  Алматыда екпе алғандардың саны 345 мыңнан асып кетті. Өткен тәуліктің өзінде шаһарда 4 мың 764 адам вакцина ектірген.

Жанар Ғаниқызы, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров