Денсаулығымыз мықты болу үшін мық шегедей тәртіпке бағынуымыз керек. Осылай деген ақын-драматург Бақыт Беделхан елді есеңгіреткен індеттің адамзатты үлкен әбігерге салғанын айтты. Ал мұнымен күресудің ең бірінші жолы–сақтану, күтіну. Сол себепті де вакцина алу керектігін ескертеді. Өте қатал індеттің бетін қайтару үшін еліміздің танымал жазушылары, зиялы қауым өкілдері халықты жаппай екпе алуға шықырды, деп хабарлайды Almaty.tv
«Тәртіпке бағынған ел құл болмайды»,– деп Бауыржан Мошышұлы айтпақшы, дәл осы алапат зұлматпен күресу үшін қазір елімізде тәртіп пен талап күшейіп жатыр. Соған лайық біз де бұл тәртіпке бағынуымыз керек, – дейді Жазушылар Одағы төрағасының орынбасары Бақыт Беделхан. Әркімнің өз денсаулығын ойлауы – ол елдің денсаулығын ойлағанымен бірдей екенін айта келе, екпе індетпен күресе алатын бірден-бір күш дегенді алға тартты.
«Осы 2 жылдың өзінде Қазақстан Жазушылар Одағынан қаншама қаламгерлер елдің қабырғасын қайыстырып, шахид болып жатыр, фәниден бақиға озып жатыр. Бұл вакцина алу деген - соның алдын-алу бір жағы. Вакцина алған адамдар мүлдем ауырмайды екен, оған жұқпайды екен дейтін дүние емес, бірақ соған қарсы күресе алатын күштің бірден-бірі болып тұр қазір», – деді Қазақстан Жазушылар Одағы төрағасының орынбасары Бақыт Беделхан.
Алматыда коронавирус індеті күннен күнге үдеп барады. Мұнда соңғы тәулікте 1558 адам ауруды жұқтырған. Ал қауіпті дерттің түрленген жаңа штамы жастар арасында тез таралып жатыр. Сондықтан Еуропа елдері мен Америка екпені балаларға да салып бастаған. Бүкіл әлем күрес жүргізіп жатқан аса ауыр індеттен құтылу үшін екпе салғызған абзал,–дейді Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Мереке Құлкенов.
«Вакцина алмай бұл індетті жеңе алмаймыз. Соны түсіну керек. Мына кезінде 20 жылдары оба ауруы болған кезде, бір өзеннің бойында арғы бетте 2 ауыл, бергі бетте 1 ауыл тұрған. Бергі беттегі 1 ауыл түгелімен екпе алған, ана 2 ауыл қарсы болып, алмаған. Сонда 2 ауылдың барлық халқы қырылып қалған. Міне, осындай өте қауіпті нәрседен сақтану үшін бізге вакцинаны алу керек», – деді Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Мереке Құлкенов.
Бетперде тағу, арақашықтықты сақтау өз алдына, бастысы вакцина салғызу қажет,– дейді қоғамдық кеңес мүшесі Бекнұр Қисықов. Той-томалаққа баруды азайтып, сақтық шараларын барынша қатаң ұстану керектігін де айтады.
«Әлбетте вакцинация жасау керек деп ойлаймын. Вакцинаның пайдасы бар. Бізде халықтың тек 30 пайызы екпе алған. Ал дүниежүзінде 50 пайыздан асып кетті, 70 пайызға жетіп жатыр. Сондықтан ұжймдық иммунитет болу үшін біз бәріміз вакцинацияға өтуіміз керек», – деді қалалық қоғамдық кеңестік мүшесі Бекнұр Қисықов.
«Мен барлық жастарды, қала тұрғындарын вакцина алуға шақырамын. Өйткені бұл өте маңызды мәселе. Әрқайсымыз өзімізді, жақындарымызды қорғап қаламын десек, міндетті түрде вакцина алуымыз қажет», – деді Халықаралық білім беру корпорациясы жастар орталығының жетекшісі Бағдат Анарбаева.
Бүгінде Алматыда 60 жастан асқан 101 мың адам екпе алған. Бұл қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасы берген мәлімет. Ал, соңғы тәулікте вакцинаның 1-компонентын 7 345 адам, ал 2-компонентын 14 134 адам салғызыпты.
Сая Меңдеке, Рашид Шүкірәлиев, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы