|
03.09.2021 | 19:51
4821

Экзотикалық құс, лемур, кенгуру: Алматы хайуанаттар бағында 130-дан астам жануар төлдеді

Хайуанаттар бағы аптаның 7 күнінде демалыссыз жұмыс істейді

Алматы хайуанаттар бағында 130-дан астам жануар төлдеді. Олардың қатарында экзотикалық құстардан бастап, кенгурулар, бөкендер мен лемурларға дейін бар. Көпшілігі қызыл кітапқа енген. Аса қамқорлықты қажет етеді. Олардың ерекшелігі қандай? Жабайы аңдарға қандай күтім жасалады? Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғынның материалында. 

Иесіне ақ патша болып еркелеген бұл шимпанзенің есімі – Паша. Еліміздегі хайуанаттар бағының көпшілігі бұл жануар түрін асырай бермейді екен. Себебі, қауіпті. Бір бойында 7 ер адамның күші бар. Ашуланса, айналасын қиратып, адамды тістеп, шайнап тастауға дейін барады. Соған қарамастан, мұнда келушілер мен қала қонақтары бұл шимпанзені ерекше жақсы көреді. Еркелетіп, ойнатады, тамақ береді, қызық көреді.  

«Бұл капудзин маймылы, бұл бізде болған емес. Европа елдерінде бұл маймыл түрін кембағал адамдар үйлерінде ұстайды. Үй тұрмысында бала, көмекші ретінде асырайды. Адамдарға қауіпті емес», – деді «Алматы хайунаттар бағы» КМҚК бөлім меңгерушісі Шолпан Әбдібекова. 

Шолпан Қайыпқызы хайуанаттар бағында 25 жылдан астам уақыт бойы еңбек етіп келеді. Мұндағы жануарлардың бәрі де қазақша түсінеді, үйретіп қойдым деп қалжыңдайды. Айтқан әзілінің жаны бар секілді. Оларды еркелетіп, тамаққа шақырған кезде бірден түсінеді.  

Бұл жануар 2003 жылы Африкадан арнайы әкелінген. Сол уақыттан бері сирек кездесетін аңнан 12 төл алынған. Жабайы саналады. Мал дәрігерлерінің өзі жұмысын аса сақтықпен жасамаса, қауіпті екенін айтады. Сонымен қатар, биыл хайуанаттар бағы европалық асыл тұқымды көк гно деп аталатын құлыншақпен де толыққан. Мамандардың айтуынша, жануарлар төлдейтін уақытта ерекше күтімді қажет етеді екен.  

«Төлдейтін уақытта 2-3 ай бұрын оларды басқа қоршауға жеке қойып, тамақтарын көбейтеміз.  Төлдейтін малдарды алдын-ала қолға аламыз. Төлдерге кезекпен-кезек кезекшілік етеміз. Төлін алғанша біздің бақылауымызда болады», – деді «Алматы хайунаттар бағы» КМҚК бөлім меңгерушісі Балабек Мақатов.

Бүгінде Алматы хайуанаттар бағы қалалықтардың сүйікті демалыс орнына айналған. 84 жылдық тарихы бар орталыққа келушілер көп. Алғашқыда мұнда жануарлардың 70 түрі ғана болыпты. Қазір олардың саны бес есеге дейін артқан. Хайуанаттар бағы аптаның 7 күнінде демалыссыз жұмыс істейді.  

Ұлағат Арғын, Мұрат Тайжанов «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир