Қолайсыз ауа райы: СҚО-да шаруалар шығынға батуы мүмкін

11.09.2023 в 18:54

Соңғы мәлімет бойынша республикада 5 млн гектар астық жиналды

СҚО-да шаруалар егін жинау науқанын аяқтай алмай отыр. Соңғы 2 аптада аймақта күн бұзылып, толассыз жаңбыр жауған. Диқандар қолайсыз ауа райы салдарынан орылмаған егін рәсуа болып, шығынға ұшырауымыз мүмкін деп дабыл қағуда, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Талғат Мусарьянов 2 аптадан бері 300 гектар жерге егілген алтын дәнін жинай алмай отыр. Ол ала жаздай баптап өсірген егін шылқыған судың астында қалғанын айтты.

– Арпа өсіп кетті, көгеріп жатыр. Енді бидай да бүлінуі мүмкін. Ол пісіп тұр, су тиген соң, сапасы бұзылады, ешкім де алмайды, тек мал жейді, – деді шаруа Талғат Мусарьянов.

Тамызда 16 күн жаңбыр жауды. Бүгін ғана тоқтады. Біріншіден, астық көп болмайды, екіншіден, ол сапасыз шығады. Қазір бидай бағасы маңызды, себебі көрші ел оны арзан бағамен сатып жатыр, – деді шаруа Мұратбек Қайдауылов. 

Ал облыстың ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы диқандарға көмек көрсетілгенін айтты. Күзгі егіс жұмыстары үшін литріне 250 теңгеден арзандатылған дизель отыны берілуде. Аймақ бойынша 59 мың тоннаға өтінім қарастырылыпты. Жауаптылар астықты кептіруге министрліктен қосымша жанар-жағармай бөлу мәселесін де ойластырып жатыр екен.

– Аймақ бойынша 59 мың тоннаға өтінім берілді, Ауыл шаруашылығы министрлігі қосымша жанар-жағармай бөлу мәселесін қарастырып жатыр. Субсидияның бәрін уақытында қарастырып, арызын беріп жатырмыз. Биыл 63 млрд теңге бөлінді, – деді Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Мейрам Меңдібаев.

Бұл мәселе бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігі де жауап берді. Министрлік өкілдерінің айтуынша, астықты кептіруге арналған дизель отынының құны жеңілдетіледі.

– Астық қабылдау кәсіпорындарын қайта тексеруді және олардың тәулік бойы жұмыс істеуін қамтамасыз етуді, сондай-ақ олардың қызмет бағасының өсуіне жол бермеу туралы тапсырма берілді. Сонымен қатар ҚТЖ мен астық тасымалдаушылар уақытылы жеткізу мәселесі пысықталып жатыр. Астықтың сандық сапалық сипаттамаларын еске алу үшін аумақтық инспекциялары мен карантиндық қызметтердің тәулік бойы жұмыс істеуі қамтамасыз етілді, – деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз хатшысы Дамир Егізбаев

Азық-түлік корпорациясына 2024 жылғы көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуде тұқым қорын қалыптастыру мен оны уәкілетті элеваторларда жеке сақтау мәселесін пысықтау тапсырылды.

Айта кетейік, соңғы мәлімет бойынша республикада 5 млн гектар астық жиналды.

Нұргүл Алина, Асар Ербұлан, «Алматы» телеарнасы, СҚО-нан

Оқи отырыңыз: Алматыда «HALAL EXPO-2023» халықаралық көрмесі өтеді