|
07.11.2023 | 16:20
1393

Биылғы астық түсімі елді нанмен және ұнмен толық қамтамасыз етуге жеткілікті – министр

Айдарбек Сапаровтың сөзінше, ауа райының қолайсыздығына қарамастан 16,4 млн тонна астық бастырылған

Биылғы астық түсімі елді нанмен және ұнмен толық қамтамасыз етуге жеткілікті – министр Almaty.tv

Биыл қазақстандықтар бидайдан тарықпайды. Ұнның да бағасы өспейді. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Үкімет отырысында осылай сенімді сөйледі, деп хабарлайды Almaty.tv.

Министрдің мәліметінше, елдегі астық қоры жеткілікті. Нан мен ұнның қымбаттауына себеп жоқ екен. Елімізде егін орағы аяқталып қалыпты.

«Қымбатшылық болмайды», деп сенімді сөйлеген Ауыл шаруалығы министрі биылғы жиын-терін науқаны ойдағыдай болмағанын айтты. Ай бойы тоқтаусыз жауған жаңбырдан диқандар әбден шығынға батқан. 25 күннің ішінде жылдық мөлшері орташа нормадан 3 есе көп жауын-шашын болыпты. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан әзірге 16 млн тоннадан астам астық қамбаға бастырылған. Оның 11 млн тоннадан астамы - бидай өнімдері. 

«Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, жалпы астық түсімі 16 млн тонна болды. Бұл елді нанмен және ұнмен толық қамтамасыз етуге жеткілікті. Егін жинау жұмысын уақытылы жүргізу үшін ауыл шаруашылығы ұйымдарына литріне 250 теңгеден 426 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінген», – деді  ҚР ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров.

Қазақстанда қазір бидайдың сапасы төмендеген. Тиісінше, сапалысының бағасы артқан. Қымбатшылық болмайды деген әріптесінің сөзін Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі жоққа шығарды. Серік Жұманғариннің ақпарынша, нан мен ұн бағасының шарықтауына логистикадағы мәселелер де әсер етіп жатқан көрінеді. Алайда бұл мәселе алдағы уақытта  реттеледі», - деді Серік Жұманғарин.

«Біз нанды өндіру үшін бұл резервті қазір пайдаланып жатырмыз. Сәйкесінше, барлық өңір қажетті көлемді алды. Ұнға келсек, оның бағасын арзандатуға бағытталған қор бар. Елімізде бидайдың сапасы төмендеп кетті. Тиісінше, сапалы бидай да қымбаттады. Ұнның бағасының шарықтауына логистика да әсер етті. Бұл мәселелер реттеледі», – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин.

Жаздағы аптаптан алқабы күйіп кеткен шаруаларға тиісті көмек берілген. Үкімет қабылдаған қаулыға сәйкес, бастапқы кезеңде 30 млрд теңге мөлшерінде субсидиялар бойынша берешек өтелмек. Ал диқандардың қалған қарызы жыл соңына дейін жабылады. Жиында Үкімет басшысы фермерлерге қажетті қолдау көрсетілгенін айтты.

«Егін орағы ұзаққа созылып кетті. Элеваторларға түскен бидайдың 40%-ке жуығы ешқандай санатқа жатпайды. Алайда қазақстандықтар биыл наннан тарықпайды. Өткен жылдан қалған қорды ескеретін болсақ, жиналған өнім көлемі ішкі нарықты толықтай қамтамасыз етуге жеткілікті», – деді ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов.

Алдағы 3-4 күнде елдегі астық жинау науқаны толық аяқталады. Биыл алқаптағы түсім орта есеппен әр гектардан 9,7 центнерден айналып жатыр. Бидайдан бөлек, 2 млн гектарға жуық алқаптан майлы дақыл, 3 жарым млн тонна картоп, 4,3 млн тонна көкөніс жиналды.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир