Ақмола облысында ер адам құрылыс алаңында көз жұмды

21.11.2023 в 18:40

Cарапшылар еңбек қауіпсіздігін бақылайтын арнайы орган керек екенін айтты

Ақмола облысында 57 жастағы ер адам құрылыс алаңында биіктен құлап, көз жұмды. Қазір аталған оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жұмыста жүріп өмірден озу соңғы кездері жиілеп кетті. Осыдан бір ай бұрын Астанада 4 жас жігіт биіктен құлап, үшеуі мерт болған еді. Жалпы, жыл басынан бері мыңнан астам адам қызметте жүріп жарақат алса, 175 жұмысшы көз жұмыпты. Еңбек және әлеуметтік комитет төрағасы Төлеген Оспанқұловтың айтуынша, көп жағдайда тау-кен орындарында қызмет ететіндер зардап шегеді.

– Тексерілген кәсіпорындардың 20 пайызында еңбек қауіпсіздігі бойынша заң бұзылған. Яғни, көбіне қызметкерлердің қауіпсіздігі сақталмайды. Қарапайым сақтық шаралары да орындалмай жатады. Қорғаныс құралдары жоқ. Кейбір кәсіпорындар қауіпсіздік бойынша қызметкерді оқытпаған, – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің комитет төрағасы Төлеген Оспанқұлов.

Қазақстанда жұмысшылар жарақат алатын өңірлер көшін Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Абай және Алматы облыстары бастап тұр. Қызметте жүріп жазатайым жағдайға тап болмау мақсатында елдегі 3 мыңға жуық кәсіпорын еңбек қауіпсіздігі және оны қорғау бойынша арнайы стандарт бекіткен. Алайда сарапшылар еңбек қауіпсіздігін бақылайтын арнайы орган керек екенін айтты.

– Уақытша болса да еңбек қауіпсіздігін бақылайтын министрлік керек. Бұлай жалғаса беретін болса, жұмысшы тапшы болып қалады. Өнеркәсіп орындары еңбек шартында барлық тәуекелдерді жазуы керек. Болуы мүмкін тәуекелдер бағаланып, егер форс-мажор жағдай болған күннің өзінде, құжат қызметкердің пайдасына жұмыс істеуі қажет, деді Еңбек қауіпсіздігі және оны қорғау бойынша сарапшы Сапабек Көжемұратов.

Оқи отырыңыз: Қауіпсіз қала: Наурызбай ауданында ата-аналарға айыппұл салынды