Досаев: Батыс пен Қытайдың экономикалық ынтымақтастығын нығайтуда Қазақстан ерекше рөл атқарады

Almaty.tv.
Almaty.tv.
Алматыда «Еуропалық Одақ – Орталық Азия» екінші экономикалық форумы өтіп жатыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда қаланы айналып өтетін ұзындығы 73 шақырым темір жол желісі салынып жатыр. Бұл жол әлемдегі ең ірі нарықтарға қажетті тауар мен өнімді жылдам жеткізуге және пойыздардың жүру уақытын қысқартуға мүмкіндік береді. Ең бастысы еліміздің транзиттік әлеуетін едәуір арттырады. Бұл туралы мегаполисте бастау алған «Еуропалық Одақ – Орталық Азия» екінші экономикалық форумында шаһар басшысы Ерболат Досаев мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Әлемде экологияны жақсарту, жасыл экономикаға көшу, цифрлық жаңғыру. Бұл – Алматыда бастау алған халықаралық экономикалық форумда тілге тиек болған негізгі мәселелер. Бірнеше мемлекеттен келген бизнес өкілдері В2В форматында пікір алмасып, Орталық Азия мен Еуропа арасындағы іскерлікті дамыту жайын қозғады. Соның ішінде спикерлер қазір маңызды болып отырған сауда саттық, көлік байланысы, логистика саласына басымдық берді. Басқосуда алғаш болып сөз сөйлеген Ерболат Досаев «Батыс пен Қытайдың экономикалық ынтымақтастығын нығайтуда Қазақстан ерекше рөл атқарады» деді. Ал Алматыда салынып жатқан үлкен айналмалы темір жол еліміздің транзиттік әлеуетін едәуір арттырмақ.

– Батыс Еуропа-Батыс Қытай – «жібек жолы» бойында орналасқан 2 ірі нарық. Ал Алматы Қытай мен Еуропа арасында орналасқан. Сондықтан бізде Орталық Азия елдері арасындағы қарым-қатынасты дамытуға ықпал ететін бірегей мүмкіндік бар. Қазір біз Алматыны айналып өтетін ұзындығы 73 шақырым айналма темір жол желісін салып жатырмыз. Бұл қала арқылы өтетін жүк пойыздарының өту уақытын қысқартады және тауарды жеткізуді 1 күнге жеделдетеді, – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.  

Халықаралық маңызға ие басқосудың елімізде өтуіне Ұлттық экономика және Сыртқы істер министрлігі мұрындық болған. Алқалы жиынға Түркіменстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және кәрі құрлық елдерінің кәсіпкерлері қатысты. Қазір Еуроодақ өз экономикасын әртараптандырып, инвестициялық әлеуетін арттыру үшін Орталық Азиямен байланысын жақсартуға мүдделі. Ал бұл Қазақстанның көлік байланысы, тауар айналымы, логистика секілді барлық саласының ілгерілеуіне серпін береді.  

– Біз Қазақстанның Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамытуды көздеп отырмыз. Сондықтан сіздермен осы салада серіктестігіміз жалғасады деп сенеміз. Бұл бағыттың жалпы өткізу қабілеті жылына 5,8 миллион тонна болады. Былтыр осы жол арқылы 1,5 миллион тонна жүк тасымалданды. Бұл 2021 жылғы көрсеткіштен 2,5 есе көп, – деді ҚР Сауда және интеграция министрлігінің вице-министрі Қайрат Балықбаев.

Айта кетейік, Еуроодақ – Қазақстанның негізгі сауда және инвестициялық серіктесі. Былтыр тараптардың өзара тауар айналымы 40 млрд доллар шамасында болды. Бұл 2021 жылғы көрсеткіштен 38%-ға жоғары. Сонымен қатар, еуропалық компаниялардың біздің елімізге салған инвестиция көлемі 2022 жылы 12,5 млрд долларға жеткен. Форумға келген өзге мемлекет өкілдері де кәрі құрлық елдерімен экономикалық ынтымақтастықты арттыруды көздеп отыр. Мәселен, Өзбекстан жиында әлемдік сауда-саттық нарығына кіруге ниетті екенін білдірді.

– Бұл салада біз бірқатар шаруаларды атқардық. Біз келіссөздің екінші кезеңін жүргізіп жатырмыз. Жақында ғана Президентіміз енді еліміз Еуропалық Одақпен және басқа да ірі серіктестерімізбен бірлесе жұмыс жасайтынымызды айтты. Бұл ретте біз 2030 жылға дейін ішкі жалпы өнімді және тауар айналымын екі есеге арттыруды көздеп отырмыз. Ол дегеніміз 168 миллион доллар қаражат, – деді Өзбекстанның инвестициялар, өнеркәсіп және сауда министрінің кеңесшісі Абдулла Хашимов.

Жалпы форум 2 күнге жоспарланған. Келесі сессияға еліміздің Ұлттық экономика министрі, Венгрияның сыртқы істер министрі қатысып, Кипр, Қырғызстан, Италия, Литва, Эстония, Румыния елдерінен келген спикерлер пікір алмасады. Айта кетейік, «Еуропалық Одақ – Орталық Азия» экономикалық концеренциясы бірінші рет 2021 жылы Қырғызстанның ұйымдастыруымен Бішкек қаласында өткен еді.

Аяулым Көлжігіт, Ернат Болатбек, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров