|
30.05.2024 | 20:16
2563

Елімізде алғашқы көмек көрсететін 655 нысан салынады

Ауыл медицинасының ахуалын жақсартудың тағы бір тетігі – кадр тарту

Елімізде алғашқы көмек көрсететін 655 нысан салынады Almaty.tv

Елімізде жыл соңына дейін алғашқы көмек көрсететін 655 жаңа нысан салынады. Мекемелер басы ауырып, балтыры сыздаған халықтың ем іздеп қалаға сабылмауына мүмкіндік жасамақ. Ұлттық жоба шалғай елдімекендердегі маман тапшылығы мәселесін де шешпек. Президент пәрменімен денсаулық сақтау саласын дамытуға бағытталған жоспарлы жұмыс алдағы бірнеше жылға жоспарланған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жасыратыны жоқ, қазір ауылда медицина ақсап тұр. Дертіне шипа іздеген иендегі ағайын бірнеше шақырымды артқа тастап, қалаға ағылып жатыр. Ресми дерекке сүйенсек, ауылды жерлерде 8 млн адам, халықтың 41 пайызы тұрады. Аймақтарда қызмет көрсететін 5 мыңнан астам медициналық ұйым тіркелген. Мұның өзі алыстағы ағайынға аздық етеді. Тапшылықты жою үшін Үкімет ұлттық жобаны іске қосты. Ауқымды іс Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленді.

– Ұлттық жоба аяында 655 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысанын салу жоспарланып отыр. Оның ішінде 2023 жылы 92 нысан құрылысы аяқталды, 7 жоба биыл аяқталады. 2024 жылы 524 нысанды пайдалануға беру қажет, – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова

«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы 3 міндетті қамтыған. Алғашқысы – қолжетімді медициналық көмек көрсету, кейінгісі – тоз-тозы шыққан емдеу мекемелерін жаңалау. Тағы бір міндет шеңберінде 32 аудандық аурухана жаңғыртудан өтеді. Тоғыз республикалық бюджеттен қаржыландыру берілген. Бұл бағытқа Үкімет резервінен 39,9 млрд теңге бөлініп отыр.

– Астанада салыстырмалы түрде 300 мың теңге алатын дәрігер ауылға бармайды. Үйге от жағу керек. Ауылда жағдай жоқ. Сондықтан мәселе көтердік. Партияның жол картасында бар. Келесі жылдан бастап ауылды жерге барған дәрігерлерге 1 реттік көмек 10 млн теңге беріледі, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мақсат Толықбай.

Ауыл медицинасының ахуалын жақсартудың тағы бір тетігі –  кадр тарту. Елдегі ауыл-қаланы қосқанда, дәрігерлердің тапшылығы 4,5 мың адамды құрайды. Аз көрсеткіш емес. Маман жетіспеушілігін жоюға жоғарыда айтқан ұлттық жоба да септігін тигізеді. Салаға келген жас мамандарға мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Өңір қаражаты есебінен тұрғын үй, көтерме төлем мен әлеуметтік қолдау шаралары үлестірілмек.

Үкімет ауылдарда емдеу мекемелерін салуға 40 млрд теңгеге жуық ақша бөлді. Қаржы қомақты. Ұлттық жоба аясында өңірлердегі орталық аудандық ауруханалар да жөнделмек. Атбасар, Балқаш қалалары мен Шиелідегі басты емдеу мекемелері еденінен шатырына дейін жаңаланбақ. Бөлінген қаржы дұрыс игерілуі мен жұмыстың ойдағыдай жүргізілуін Үкімет басшысы тікелей өзі қадағаламақ.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Денсаулық сақтау министрі Женевада ДДҰ елдерін Тоқаевтың бастамасына қосылуға шақырды

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир