|
02.05.2024 | 18:40
169

Қарағандылықтар жол құрылысына неге қарсы

Қала билігінің айтуынша, жұрт айтқан шағым орынсыз көрінеді

Қарағандылықтар жол құрылысына неге қарсы Almaty.tv

Қарағандылықтар басталғалы жатқан жолдың құрылысына қарсы. Ол аздай, азаматтар «Мектептегі спорт алаңы салынбасын!» деп талап еткен. Көпшіліктің бұл арызымен білім ордасының басшылығы келіспейді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қарағанды облысының қазіргі әкімі Ермағанбет Бөлекбаев қаланы басқарып отырған шағында Оңтүстік – Шығыс ауданының тұрғындарына демалыс орны болады деп уәде берген. Бірақ бұл орында спорт алаңы салынатыны туралы шешім шыққан. Сондай-ақ ені 8 метрлік өтпелі жол да осы аумаққа салынбақ. О бастағы уәде орындалмайтынын білген көпшілік құрылысқа бір ауыздан қарсылық танытып отыр.

– Егер жол салынса, жүре алмаймыз. Бала тұрмақ, мен оны жетектеп апара алмаймын. Қазірдің өзінде таңертең ары-бері көлік көп жүреді, – деді қала тұрғыны Шайзат Рақышева.    

Жыл сайын ауданда жаңадан бой көтерген тұрғын үйдің көбейгенін ескерсек, мектепке баратын оқушылар санының 3 есеге өсуі де қалыпты жағдай. Қазір үш ауысымдық мектептің аумағында қосымша нысанның құрылысы басталып кетті. Қалалық білім бөлімінің мамандары «өтпелі жол – оқушыларға ешқандай қауіп төндірмейді» дейді.

– Бұл күре жол болып саналмайды. Полиция бөлімі алдағы уақытта балаларға тиімді іс-шараның барлығын қарастырады, – деді білім бөлімінің маманы Нұрболсын Сәулеш.  

Қала билігі мектепке арналған спорт алаңы мен өтпелі жол салынатынын айтты. Ал жұрт айтқан шағым орынсыз көрінеді. Жергілікті әкімдіктің сөзіне сенсек, аталған жердің нысаналы мақсаты осыдан 12 жыл бұрын бекітілген қаланың бас жоспарына сәйкес өзгертілген.  

– Ол 2012 жылы қаланың бас жоспарына сәйкес бекітілген. Өзгерістерге сәйкес жұмыс жүргізіледі, – деді қала әкімінің орынбасары Қайрат Камзин  

«Қауіпсіздік талабы сақталмайды» деп қорыққан жұрт аталған мәселені атқамінерлердің әлі де қайта қарастыруын талап етті. Ел ұсынысы ескерілуі үшін азаматтар петиция жариялап үлгерген. Көпшіліктің саны 900-ден асқан.

Мақсат Бейсенаев, «Алматы» телеарнасы, Қарағанды

Оқи отырыңыз: Есірткі өндіретіндер өмір бойы бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир