Есірткі өндіретіндер өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Сгенерировано ИИ
Сгенерировано ИИ

4 мыңнан астам адам есірткі қылмысына қатысты жазасын түрмеде өтеп жатыр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда есірткі өндіретіндер өмір бойы бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бүгін мәжілісмендер есірткіге қарсы іс-қимыл жүйесін жетілдіруге бағытталған құжатты бірінші оқылымда қарады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Елімізде синтетикалық есірткілер QR код арқылы таралып жатыр. Депутат Жұлдыз Сүлейменова «көше атауы жазылған тақтайшадағы белгі зиянды затты қайдан алуға болатынын көрсетеді» дейді. Тіпті Астанада оқушылар сарайындағы есіктің ішкі жақтауындағы QR код та елді еліртетін есірткінің мекенжайын нұсқаған. «Ақпараттық қауіпсіздік алаңдатып» отыр деген депутаттың сұрағына ІІМ орынбасары Айдос Рысбаев сандарды дәлел ретінде қолданып жауап берді.

– Қазіргі таңда 1 356 сайт жабылды. Бұл жұмысты күнделікті бақылап отырмыз. Интернет-сатушылар түрлі тәсілді қолданады, бір орында тұрмайды. Полиция өз тарапынан бірден әрекет етіп жатыр, – деді ҚР ІІМ орынбасары Айдос Рысбаев.

Заң жобасы бойынша есірткі дайындағандарға өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Зиянды затты жасыратындарға қатысты бұрынғы жауапкершілік сақталады. Ал зертхана құрғандар 15 жылдан бастап өмір бойына сотталады. Депутат Снежанна Имашева әлемде синтетикалық есірткі арзан болғандықтан, пысықайлар оны жасаудың түрлі жолын тауып алған дейді. Сондықтан мәжілісмен «жазаны қатаңдату арқылы аталған мәселені шешуге болады» дегп сенеді.

– Есірткі қылмысына қарсы күресті прекурсорлар мен зертханалық жабдықтарды заңсыз жеткізудің жолын кесуден бастау керек. Бұл – неғұрлым тиімді шара. Бірақ қолданыстағы заңнамада олардың контрабандасы үшін ғана жауапкершілік белгіленген, ал прекурсорлардың заңсыз айналымы үшін жаза қарастырылмаған. Осы мақсатта Қылмыстық кодекстің 301 және 303-баптарына прекурсорларды заңсыз дайындағаны, өңдегені, сатып алғаны, сақтағаны, тасымалдағаны және жөнелткені үшін қылмыстық жауапкершілікті көздейтін түзетулер енгізу ұсынылды, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Снежанна Имашева.

Депутаттың есебінше, жыл басталғалы 31 жасырын есірткі зертханасы жойылған. 10 тоннадан астам прекурсор алынған. Пайдалануға дайын 1 тонна есірткі жасау өндірісінің жолы кесілген. Ал бұл 3 миллион дозаға тең. Биыл 2 тоннаға жуық зиянды зат, оның ішінде 457 келі синтетикалық есірткі тәркіленді.

Айта кетейік, Мәжіліс депутаттары есірткіге қарсы іс-қимыл жүйесін жетілдіруге бағытталған құжатты бірінші оқылымда қарап, мақұлдады.  

Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Жетісулық мұғалімдерге үстемақы төленбей келген

Новости партнеров