|
24.04.2024 | 19:02
187

Ұлытау облысындағы жол сапасы сын көтермейді

Биыл өңірдегі 190 шақырымдық жолды жөндеуге 15 миллиард теңге бөлінген

Ұлытау облысындағы жол сапасы сын көтермейді Almaty.tv

Ұлытау облысындағы жұрт Жезқазған мен Сәтбаев қалаларын жалғаған жолдың сапасына наразы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ұлытаудағы жолдың жайы – жергілікті жұрттың көптен айтып жүрген жанайқайы. «Сапасы сын көтермейтін трассадан әбден мезі болдық» деген көлік жүргузішілері қазіргі жағдай былтырдан да нашарлағанын айтты.

– Қар еріген кезде, жолдың сапасы нашарлады. Ақшаның бәрін көлік жөндеуге жұмсаймыз, – деді Сәтбаев қаласының тұрғыны Болатбек Түсіпов.

– Жолдардың сапасы өте төмен десек болады. Жолды жыл сайын жөндейді, бірақ жөнделген жолға ұқсамайды. Жаз бойы асфальтты қазып тастайды. Көктемде, күзде жаңбырмен жағаласып, асфальт төсейді, – деді Сәтбаев қаласының тұрғыны Мәди Құрманқұл.

Жүргізушілер шағымын алға тартып, жауаптыларға хабарласып көрдік. Басқармадағылар мәселемен таныс екенін жеткізді. Олардың айтуынша, биыл өңірдегі 190 шақырымдық жолды жөндеуге 15 миллиард теңгеден аса қаражат бөлінген.

– Республикалық маңызы бар жолдың 37 шақырымы орташа жөнделеді. Қала мен аудандық жолдың маңызын айтсақ, Жезқазған қаласына биыл 23 шақырым жол салынады, 56 көше жөнделеді. Қазір  6 көшеге жөндеу жұмысы басталды. Орташа жөндеу жұмысына 2,3 млрд теңге бөлінеді, – деді Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Түсіпов.

Басқарма дерегінше, облыстық маңызы бар 76 шақырымдық жол да жөнделмек. Ал ол үшін қазынадан 1,7 миллиард теңге қарастырылған.  

Ұлытау облысында да жол жөндеу жұмыстарына қомақты қаржы бөлініп келеді. Облыс жолаушылары «егер ақша орнымен жұмсалса, жол азабынан құтылар едік» деді.

Алтынгүл Төлегенова, Наргиз Жанабекова, «Алматы» телеарнасы, Ұлытау облысы

Оқи отырыңыз: Қазақстандықтар қаржы ұйымына салған ақшасын қайтара алмай отыр

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир