|
09.05.2024 | 19:03
379

Жеңіс күні: маңғыстаулықтар қос батырын құттықтады

Өңірде 451 тыл ардагеріне әлеуметтік көмек көрсетілді

Жеңіс күні: маңғыстаулықтар қос батырын құттықтады Almaty.tv

Маңғыстау жұрты қан-қасап майданның ортасында қалып, ерлік танытқан қос батырын құттықтады. Қазір өңірде Ұлы Отан соғысына қатысқан 2 ардагер бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қала көшелерін артқа тастап, арнайы келген бұл оркестр ардагерлерді мерекемен құттықтауды міндет қып алған. Сонау жылдары майдан даласында шырқалған әндер осылайша Ольга Заривняктың ауласында да әуеледі. Оркестр ғана емес, қарияны құттықтауға жастар, кәсіпкерлер мен облыс әкімі де келген. 17 жасында Польшада партизан отрядында болған сарбаз маңызды ақпаратты жеткізумен қатар, жаралыларға көмек көрсетуде көш бастапты. Окоп қазып, әскерге азық-түлік жинасқан әжей өткенді еске алды.

– 2015 жылы Украинадан Ақтауға қоныс аудардым. Менің Отаным – Қазақстан. Сұрапыл соғысты біз көрсек те, балалар көрмесін деп тілеймін. Аш болдық, ауру болдық. Ыстық тамаққа зар болдық. Қазір ең керемет заман. Ел тыныштығы бұзылмасын! – деді Ұлы Отан соғысының ардагері Ольга Заривняк

Бүгінде 97 жасты еңсерген Ольга Заривняк соғыстан кейінгі ғұмырын кестелі өнер – тігінге арнапты. Ал әуелгі кейіпкердің майдандасы Василий Салазкин Қиыр Шығыста жаяу әскер сапында жүріп ерлік көрсеткен. 18 жасында майдан қатарына қосылған оның кеудесі қазір төсбелгіге толы. Бірақ ардагер үшін маңыздысы  марапат емес, елдің амандығы. Осылай деген ол мереке қарсаңында қалың көпшілікке ақ тілегін жеткізді.

– Соғыс туралы айтудың өзі ауыр. Ешқашан соғыс болмасын дегім келеді. Ел болашағының жарқын болуы үшін жастарымыз, жауынгерлеріміз еңбектенуі қажет. Бейбітшілік пен бірлігіміз нығая берсін. Жеңіс күні – ортақ мереке. Еліміз дамып, гүлдене берсін! – деді Ұлы Отан соғысының ардагері Василий Салазкин.

Жарылған бомба, атылған оқтың ортасында жүріп, етігімен суды да, қанды да кешкен қос батырдың қазіргі тілері – бейбіт заман. Маңғыстаудан майданға 6 мыңнан аса адам аттанды десек, оның 4200-і елге оралмаған. Өңірдегі 2 майдангерге қарқорлық көрсеткен жергілікті билік 451 тыл ардагеріне де әлеуметтік көмек жасалғанын жеткізді.

Фариза Өтесбай, Мұқағали Нұрдаулет, «Алматы» телеарнасы, Ақтау

Оқи отырыңыз: Жеңіс күні: Жетісу ауданында тұрғындар дала асханасынан дәм татты

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир