Жеңіс күніне арналған салтанатты іс-шара Алматының барлық ауданында өтті. Мерекелік жиындарда 1 минуттық үнсіздікті сақтап, гүл шоғын қоюмен қатар, акциялар да ұйымдастырылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жеңіс күнінде Жетісу ауданында кең көлемде мерекелік концерт ұйымдастырылды. Халық сахнада шырқалған патриоттық әндерді тыңдап, арнайы қойылған көріністерді тамашалады. Мәз-мейрам болған жұртшылық бабалар рухына тағзым етіп, әскери өмірден хабардар болды.
Таңғы сағат 7:00-ден бастап жұмысқа кіріскен дала асханасы қала тұрғындары мен қонақтары үшін салқын су мен шай ұсынып, қызмет көрсетті. Жиналған халық бейбіт күннің мәнін түсіну үшін балаларын ерте келген.
– Жеңіс күнін ұмытпауымыз керек. Жеңістің маңызын көрсету үшін балаларыма таныстырып жүрміз, – деді қала тұрғыны Нұргүл Жанатқызы.
Мерекелік атмосфераны қалыптастыру үшін ауданда жәрмеңке ұйымдастырылды.
– Тұрғындардың көңіл-күйі тамаша! Жеңіс күнін атап өту дәстүрге айналды. Біздің ауданда тұратын жалғыз ардагер мерекені басты алаңда қарсы алып жатыр, – деді Жетісу ауданының әкімі Гүлнәр Көкебаева
Іс-шаралар өзге ауданда да өз дәрежесінде өткізілді. Онда әскери оркестр соғыс жылдарындағы әуендерді орындап, тұрғындар сарбаздардың дайындаған әскери қойылымына куә болды.
Жансая Олжабек, Ялкунджан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Ер есімі - ел есінде: Биыл Сағадат Нұрмағамбетовтің туғанына 100 жыл толды