|
24.04.2024 | 21:00
1072

Ереже бұзуға итермелейді: жылда жамалатын жол биыл жөнделе ме

Бюджеттен 21 шақырымға 7 млрд теңге бөлінген

Ереже бұзуға итермелейді: жылда жамалатын жол биыл жөнделе ме Almaty.tv

Алматы облысы Көкөзек ауылы маңындағы кептеліс күшейіп барады. Оған себеп ауылдың үстін басып өтетін жалғыз жолдың адам төзгісіз күйге түсуі. Cабыры сарқылған халық «нашар жол, жүргізушілерді ереже бұзуға итермелейді» деп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жиналған ел Елтай ауылдық округіне қарасты Көкөзектің кептелісінен шаршағанын айтты. Жыл он екі ай, аптаның 7 күнінде 24 сағат кептелісте тұратын тұрғындар «техника сынып, жолда қалып жатыр» дейді.

Таңғы сағат 8:00-де басталатын жұмысқа таңғы сағат 5:00-де тұрып, барып жүрдім. Жұмысқа барып алып, таңғы сағат 8:00-ге дейін күтіп отырамын. Міне, ақырында өзім де шыдамады, көлігім де бұзылды. Қазір жұмыссыз жүрмін, – деді Көкөзек ауылының тұрғыны Бақжұлдыз Әлібекұлы.

Жұмыссыз жүргендердің жүйкесі жұқарып, жұмысы бардың ұйқысы қысқарған елдің айтуынша, бұл – елдімекендегі жалғыз жол торабы. Оның үстіне маңайындағы ауылға қатынайтын қоғамдық көлік те, жедел жәрдем де, өрт сөндіру көлігінің де күні осы күре жолға қарап тұр.

– Жолдағы ойық-шұңқырдан қашып, қарсы бағытқа шығайын десең, көлік сынады, – деді жүргізуші.

Жолдың жыры жергілікті билікке ғана емес, тұтас желіге де тарап кеткелі қашан. Мәселен үш апта бұрын жарияланған бұл видеодан шұрқ тесік жолдың көлік қозғалысына келтірген кедергісін көруге болады. Көп алдына кештеу келген жергілікті билік өкілі қолынын хат жазудан басқа ештене келмейтінін айтты. Бірақ нақты қанша шақырымға тапсырыс бергенін өзі де жөнді білмеді. Тек тұрғындармен сөз таластырумен ғана шектелді.

– Жолдағы шұңқырларды жамап, жөндеу жұмысын жүргіздік, – деді Елтай ауылдық округі әкімдігінің бас маманы Азамат Жиенбаев.

Қарасай ауданына қарасты жауапты маман мамырдың басында жол жөнделетінін айтты. Бюджеттен 21 шақырымға 7 млрд теңге бөлінген. Қазір тендерге түскен үміткерлер анықталып жатыр. Бірақ бұқара қойған біраз сауалға нақты жауап бере алмады.

– Осы айда мердігер мекеме анықталады. Жөндеу жұмыстарын жүргізу мамырға жоспарланып отыр, – деді Қарасай ауданы Жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары бөлiмiнің басшысы Жанат Шакиров.

Талабы тыңдалмай келген тұрғындар, мәселе жылы жабылмас үшін полиция өкілдеріне арыз қалдырып, жолға бөлінген ақшаны тексеруді сұрады. Онымен қоса антикорға да арыз бермек. Өйткені бұл жол онсызда жыл сайын жамалады.

Әлібек Шынтемір, Әлішер Ерғалиұлы, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Ұлытау облысындағы жол сапасы сын көтермейді

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир