|
02.10.2023 | 20:18
3906

Детектив және шытырман оқиғалар кеңесі құрылады - Мереке Құлкенов

Бұл туралы Кемел Тоқаевтың туғанына 100 жыл толуына орай өткен халықаралық конференцияда айтылды

Детектив және шытырман оқиғалар кеңесі құрылады - Мереке Құлкенов Almaty.tv

Қазақстан Жазушылар одағы жанынан Детектив және шытырман оқиғалар кеңесі құрылады. Бұл туралы Кемел Тоқаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда айтылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Таудағы жаңғырық», «Көмескі із» және «Солдат қабірінің басында» атты шығармалар – қазақ әдебиетінің детектив жанрындағы алғашқы туындылар. Сол себепті де жазушы Кемел Тоқаевты көпшілік «қазақ детективінің атасы» әрі «детектив жанрының дарабозы» деп біледі. Алматыда өткен халықаралық конференцияда әдебиетшілер мен тарихшылар тарапынан қаламгердің шығармашылығына шынайы баға беріліп, әдеби мұрасына кеңірек талдау жасалды. Кемел Тоқаевтың туғанына 100 жыл толуына орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы құттықтау-хатын жолдады. Оны Мәдениет және ақпарат министрі Аида Ғалымқызы оқып берді.  

ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева:

«Қарымды қаламгердің мол туындылары қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылатын құнды қазына екенін сөзсіз. Бүгінгі іс-шарада Кемел Тоқаевтың шығармашылығына шынайы баға беріліп, әдеби мұрасына терең талдау жасалады деп сенемін. Баршаңызға алғысымды білдіре отырып, зор денсаулық, бақ-береке тілейімін. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев».

Жазушының шытырман оқиғалы повестері қазақ прозасына тың үрдіс әкелді. Қаламгердің әйгілі шығармалары әлемнің бірнеше тіліне аударылған. Көзін көргендер «болашақ туралы ойлар», «Түнде атылған оқ» пен «Тасқын» секілді шоқтығы биік бірнеше роман-повесі дүкен сөрелерінде шаң басып тұрмайтын. Оқырман іздеп жүріп оқитын» деп еске алды.

– Бұл кісі детективті көрегендікпен таңдап алған жанры екен. Агата Кристиді, Конан Дойлды оқыдыңыз ба, білдіңіз бе дегенімде, «неге оқымайын?» деп отыратын. Ал соғыс туралы әңгіме сұрасаң, айтпайтын. «Менің жүрегім ауырады» деуші еді. Бірақ жүректің де, ойдың да, сананың да қасіретін шығармаларында жазған, – деді мемлекет және қоғам қайраткері Нұрлан Оразалин.

Кемел Тоқаевтың журналистика саласындағы еңбек жолы сұрапыл соғыстан соң 1948 жылы басталған. Жауынгер-жазушы алғашында Жамбыл облысындағы газетте қызмет етті. Сол жылдары әдеби шығармаларынан бөлек, түрлі тақырыпты қаламына арқау етіп, көпшілікке таныла бастайды. Сарапшы ғалымдар мен тарихшылар оның кино саласында жазған мақалаларын да жоғары бағалайды.  

– 1948 жылдары қазақ киносы дами қоймаған кезі еді. Сол кезде Кемел Тоқаев Мәскеуден шығатын фильмдерге кинорецензия жазған. Ол тек детектив жанрының тұңғышы емес, қазақ кино өнеріндегі кино сыншысы ретінде де алғашқы адам болып саналады, – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Көсемәлі Сәттібайұлы.

Жиын соңында Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов қарар қабылдады. Онда көрсетілгендей, енді әдебиеттегі кенже қалған детектив жанрын дамыту қайта қолға алынбақ. Ол үшін одақ жанынан жаңа кеңес құрылатын болды. Конференцияға алыс-жақын елден жазушы қайраткерлер келіп, баяндамасында ұсынысын білдірді.

Ұлағат Арғын, Ғани Қалуов, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Азиада ойындары: спортшылардың бір бөлігі елге оралды

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир