|
02.10.2023 | 18:47
635

Азиада ойындары: спортшылардың бір бөлігі елге оралды

Қазақстан алғашқы ондыққа енді

Азиада ойындары: спортшылардың бір бөлігі елге оралды Almaty.tv

Бақтан гөрі бап шапқан Азиадаға аттанған спортшылардың бір бөлігі елге оралды, деп хабарлайды Almaty. tv.

Олардың ішінде қоржынға алғашқы алтынды салған Әсем Орынбай да бар. Отанға оралғандардың көбі - жүлделі болғандар. Қазіргі көрсеткіш бойынша жарыста Қазақстан алғашқы ондыққа енген.

Дүбірлі додада көк байрағымызды желбіретіп, қоржынды жүлдеге толтырған спортшылар Алматы әуежайына қонды. Шетелден келгендер шығатын есіктің алдында ине шаншар орын болмады. Жеңімпаздарды қарсы алуға келген жанкүйердің арасында жақын туыстары да бар. Қытайдағы сайыста 2 алтын мен 1 қола алған Әсем Орынбайдың анасы да келді.

– Әсем жарыста болған кезде теледидар көрмеймін. Бауырлары мен жеңгелері тамашалайды. Мен уайымдаймын, алаңдаймын. Әсем орын алған кезде хабарласады. Бұл – біздің отбасымыздың ғана жеңісі емес, бүкіл Қазақстанның жеңісі, – деді Ә. Орынбайдың анасы Әлия Метербаева

Ханчжоудан ұшқан ұшақ уақытынан кеш қонды. Азия ойындарында алтын, күміс, қола медальды еншілеген спортшыларға құшақ-құшақ гүл табыстап, сағыныштан сарғайған ата-аналары мауқымын басты. Аман-есен елге оралған ұл-қыздардың да қуанышында шек жоқ.

«Өте қуаныштымын. 3 медаль ұтамын деп өзім де ойлаған жоқпын. Кемінде 1 жеңіс деген үмітпен бардым. Шүкір! Еңбектің жемісін көріп жатырмыз», – деді Азиаданың алтын жүлдегері Әсем Орынбай.

– Сезімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Мұқым ел сенім артып отырғанда, нәтиже көрсете алғаныма қуаныштымын. Бізді осы сайысқа дайындап шыңдаған бапкерлерге, барша отандасыма алғысым шексіз, – деді Азиаданың қола жүлдегері Александра Ле.

Жүлдемен оралғандардың дені Алматы мен Алматы облысының спорт мектебінен шыққан. Бұл өңірден аттанған 37 отандасымыз Қытайдағы сайысын жалғастыруда.

Бүгін қоржынға тағы бір алтын медаль түсті. Күміс пен қола да бар. Ел үмітін арқалағандар спорттың 9 түрінен сайысқа түсті.

Оразай Нұртайұлы, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Қазақстандық ескекшілер екі қола медаль жеңіп алды

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир