|
26.01.2024 | 16:41
3013

СҚО-да ақ халаттылар жедел жәрдем стансасын жабуды талап етті

Жедел жәрдем ғимараты 1905 жылы салынған

СҚО-да ақ халаттылар жедел жәрдем стансасын жабуды талап етті Almaty.tv

Солтүстік Қазақстандағы ақ халатты абзал жандар жедел жәрдем стансасын жапсын деп бас көтерді. Себебі 119 жыл бұрын салынған ғимаратта отыру мүмкін емес. Қызметкерлердің айтуынша, 500-ден астам адам әр шаршы метрді есеппен қолдануға мәжбүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Өңірдегі жедел жәрдем отыратын бұл ғимараттың бүгінгі сиқы – осы. Ғасыр тұрған нысан қазіргі адам санына да, техника көлеміне де сай емес. Қызметкерлердің айтуынша, тар болғаны соншалық, кейде тіпті фельдшерлер отыратын орын таппай қалады.

– Акт залы кішкентай. Жиналыс жасаған кезде барлық адам сыймайды. Жиналысқа дәлізде тұрып қатысады. Демалыс бөлмесі де тар, – деді Жедел жәрдем қызметінің аға дәрігері Айбарша Жұмағалиева.

Жедел жәрдемнің көлік тұрағында да сондай жағдай. Орын тапшы болған соң, жүргізушілер арнайы машинаны далаға қойып жүр.

– 25 машинамыз бар. Ішке соның 12-сі ғана сыяды. Қалғаны далада тұрады. Көлікті жөндейтін орын да жоқ, – деді Жедел жәрдем қызметінің қызметкері Жасұлан Мұхамединов.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мәселені біледі. Олардың айтуынша, перинаталдық орталықты көшіріп, солардан қалған ғимаратқа жедел жәрдемді орналастыру көзделген. Бірақ ол үшін әуелі көпсалалы аурухананың құрылысы аяқталуы қажет.

– Перинаталдық орталық отырған ғимараттың аумағы 7 мың шаршы метр болады. Жедел жәрдемге нысанның екі қабатын беру жоспарланып отыр. Бұл шамамен 2 мың шаршы метр аумақ. Қызметкерлердің емін-еркін орналасуына, қажетті құрал-жабдықтарын қойғанға жеткілікті болады, – деді Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Кұмар Кұсемісов.

Петропавлдағы көпті көрген жедел жәрдем ғимараты сонау 1905 жылы салынған. Содан бері нысан кеңейтілмепті. 119 жыл өтті, ескіргені болмаса, сол баяғы қалпында тұр.

Оразай Нұртайұлы, Азамат Елубаев, «Алматы» телеарнасы, СҚО

Оқи отырыңыз: Алматы әкімдігі 55 жаңа жедел жәрдем көлігін сатып алды

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир