|
29.04.2024 | 18:31
1488

Қарғын су: Қостанай облысында 2 мыңға жуық адам өтемақы алды

Өңірде 6 ауданында 700-ге жуық үй су басып қалған

Қарғын су: Қостанай облысында 2 мыңға жуық адам өтемақы алды Almaty.tv

Қостанай облысында су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға 700 миллион теңгеден астам жәрдемақы төленді. Өңір әкімдігінің мәліметінше, қазірдің өзінде 2 мыңға жуық адам өтемақы алған. Облыс бойынша 3,5 мыңнан астам тұрғын біржолғы төлем алуға өтініш берген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қостанай облысының 6 ауданындағы 700-ге жуық үй су басып қалған. Тасқын басталғаннан қауіпті аймақтан 9 мыңнан астам азамат эвакуацияланды. Қазір аймақтағы қарғын судың қарқыны қайтып, қауіп сейілді. Тұрғындар баспаналарына оралып жатыр. Алайда үйін ретке келтіру міндеті тұр. Арнайы құрылған жедел штаб мүлік иелерімен белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Оның құрамында жауапты басқармалардың қызметкерлері, кәсіпкерлер мен еріктілер бар.

Айта кетейік, аймаққа жан-жақтан гуманитарлық көмек жеткізіліп жатыр.

– Бүгінгі таңда Қырғыз, Өзбекстан Республикасы, Жамбыл облысының Меркі, Рысқұлов аудандарынан Астана, Алматы, Ақтөбе, Қызылорда тұрғындарынан, бизнес өкілдерінен және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасынан 1810 тоннадан астам гуманитарлық көмек келіп түсті, – деді облыстық қоғамдық штабтың жетекшісі Батырбек Ахметов.

Өңірдегі тұрғын үйлерді тексеру жұмыстары да қарқын алды. Комиссия мүшелері мыңнан астам баспананы аралап, 359-ын жарамсыз деп бағалады. Ал қалғаны күрделі жөндеуді қажет етеді. Жергілікті билік ешкімнің назардан тыс қалмайтынынын, әр азамат мемлекет тарапынан көмек алатынын айтып отыр.

– Зардап шеккен отбасылардың жылжымайтын мүлікін ретке келтіру мақсатында тұрғын үй салынады немесе азаматтар үшін дайын баспана сатып алынады. Оны жүзеге асыру үшін 2 типтік тұрғын үй жобасын әзірледі, – деді  облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Лидия Беленко.

Жаңа тұрғын үйлердің құрылысына қоғамдық ұйымдар да атсалысып жатыр. Бір күн бұрын облыс әкімдігі мен «Қазақстан халқына» қоры Жангелді және Амангелді аудандарындағы су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға тұрғын үй салу туралы меморандумға қол қойды. Қордан бөлінген қаржыға облыстың оңтүстік аймағына 100 тұрғын үй салынады.

Гүлмарал Изатқызы, Карина Ли, «Алматы» телеарнасы, Қостанай облысы

Оқи отырыңыз: Атырау облысында 250 тоннаға жуық шөп өртеніп кетті

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир