21.06.2016

Қазақстанда 150 мыңнан астам адам қатерлі ісікке шалдыққан

Қазақстанда күн сайын 100 адамнан қатерлі ісік ауруы анықталады. Қазіргі таңда елімізде онкологиялық аурумен сырқаттанған 150 мыңнан астам науқас бар екен. Бұл дертті жеңудің жалғыз жолы - ауруды тез анықтау. Алматыда онколог дәрігерлер, тіс дәрігерлері және отоларинголог мамандар бас қосып, бас және мойынның қатерлі ісігін ерте диагностикалау мәселесін талқылады. Сарапшылар қандай шешімге келгенін тілшіміз тарқатады.

Қазақстанда жылына шамамен 16 мың адам қатерлі ісіктен көз жұмады. Мамандар әр жыл сайын 36 мың онкологиялық ауруларды анықтаса, олардың көпшілігі 3-4 сатыдағы асқынған түрі екен. Дәрігерлердің айтуынша, аурудың қауіпті белгілерін алғаш болып танып, дер кезінде анықтау әсіресе терапевт, хирург сынды мамандардың мойнында. Статистика бойынша қатерлі ісіктің асқыну себебінің 50 пайызы дәрігерлік қателіктен көрінеді.

«Бүгінгі таңда медицина саласы корифейлерінің бірі академик Петровтың жорамалы өте өзекті болып отыр. Ол онкологиялық дертке шалдыққан науқастың тағдыры оны ең алғаш қарап, тексеріп шыққан дәрігердің біліктілігіне байланысты болады деген. Дәрігер тиісті диагноз қойып, дұрыс ем жасауы мүмкін немесе онсыз да қыл үстінде тұрған науқастың өмірін құртып, ауруды анықтай алмай созып жүруі мүмкін»,- деді Мойын және бас ісігі ауруы бөлімшесінің меңгерушісі Марина ЕНГИБАРЯН.

Қазіргі медицина жетістіктерінің арқасында обыр ауруларының бірінші сатысында анықталғанының 90%-ға дерлігі жазылады екен. Бірнеше жыл қатарынан бері еліміздің барлық емханаларында денсаулық сақтау саласын дамыту үшін қолға алынған мемлекеттік бағдарлама тиімді жұмыс жасауда. Скринингтік бағдарламалардың арқасында кез келген қазақстандық тегін медициналық тексерістен өтуге мүмкіндік алды.

«Әрбір емханада әйелдер мен ерлерді жан-жақты зерттеп, қарайтын кабинет бар. Әйелдерді тексеретін акушер-дәрігер емделушілердің терісін, лимфа түйіндерін, қалқанша безі мен омырауын мұқият қарауы керек. Ал, ерлерді зерттейтін медиктер ауыз қуысы мен іш құрылысын тексереді»,- деді Алматы қаласының бас онкологы Диляра ҚАЙДАРОВА.

Әртүрлі жас топтары үшін ұсынылатын арнайы скринингтер бар. Тексерістен өту адамның көп уақытын алмайды, есесіне осындай ерте диагностикалаудың арқасында соңғы 5 жыл ішінде өлім-жітім көрсеткіштері шамамен 10 %-ға төмендеген. Айта кетсек, 1 тамыз бен 23 қыркүйек аралығында Алматы, Қарағанды, Өскемен және Астана қалаларында бас және мойын қатерлі ісігін ерте диагностикалау апталығы өтеді. Сол уақытта осы қалалардың онкологиялық диспансерлерінің базасында тұрғындар тегін тексерістен өте алады.

Айдана Мейрамбайқызы, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы

Прямой эфир