21.06.2016

Астана саяжайларында үй тонаушылар мен өрт көбейді

Астанада саяжайлар жиі өртке оранатын болған. Жыл басынан бері мұндай 25 оқиға тіркеліпті. Қаланың оң жағалауындағы бұл үйлерді көбіне үйсіз-күйсіз жүрген қаңғыбас адамдар мекен етеді. От тұтатып, ас әзірлеп, шаруалары біткен соң, сол күйінде тастап кетеді. Мұндай жаңалықты төтеншеліктер таратты.

Астананың оң жағалауындағы бұл саяжайлар көбіне шеттен келген оралмандарға берілген. Арасында жергілікті қала халқының да демалыс орындары бар. Сенбі-жексенбі күндері ғана миын тынықтырып, дене шынықтыруға келетін саяжай қожайындары бүгінде алаңдаулы. Соңғы бір айдың ішінде белгісіздер үйлерін тонап, өртеп кетуді әдетке айналдырған.

«Мен осы жерде тұрып жатқаныма 10 жыл болды. Көбінесе бомждар ма, биятер ме, осы жерде қалай айтады оларды, қаңғырып жүрген адамдар солар кіреді дачаларға. Сатуға болатын болса, заттарды ұрлайды. Болмаса, онда тонайды. Керек нәрселерін алады»,- деді саяжай иесі Арман БАЛАЖАНОВ.

Салмағы 12 келілік арнайы киімді шешпей, ыстыққа да, суыққа да төзетін өрт сөндірушілер Астанада жыл басынан бері 283 қызыл жалынды өшірген. Оның 108-і қарапайым тұрғын үйлерде орын алыпты. Әдетте саяжай қауіпсіз аймақ болып саналса, биыл барлығы керісінше. Нағыз қауіпті әри жиі дабыл қоңырауы келіп түстін мекен-жай әзірге осы.

«Менің бұл салада тер төгіп жүргеніме көп жыл өтті. Бұйыртса, алты жылдан кейін зейнетке шығамын. Осы уақыт ішінде айтарым, қаламыздың ең қауіпсіз аймағы дәл осы саяжайлар болатын. Қазір тұрғындардан шағымдар көп. Көбіне бос қалдырмауға тырысып жатады»,- деді Астана қ №17 өрт-сөндіру бөлімінің аға сержанты Ерден ЕГІМБЕТОВ.

Саяжайлардың жертөлелерінде қаңғыбастар ойын-сауық құрып, ас әзірлейтін көрінеді. Газ балоны жарылып, адамдар көз жұмуда. Ал, болған іске ешкім куә болмағандықтан, оқиғаның қашан, қандай жағдайда орын алғандығын бақылау қиынға соғады. Төтеншеліктер тіптен осындай жаға ұстатарлық көріністі бірнеше ай өткеннен кейін ғана байқадық дегенді айтуда. Қазір арнайы жасақ құрылған. Тәртіп сақшылары әр бос саяжайды тінтіп, тергеу амалдарын жасап жатыр.

Айжан Шамшидин, Бауыржан Қажақанов, «Алматы» телеарнасы Астанадан 

Прямой эфир