22.11.2013

Әуе кемелерінің тапшылығынан туризм саласы зардап шегуі мүмкін

Еліміздің туроператорлары әуе кемелерінің тапшылығынан туризм саласы зардап шегуі мүмкін деп дабыл қағуда. Олардың айтуынша, қазірдің өзінде билеттер қымбаттап, саяхатшылар қатары сиреп кеткен. Соның өзінде чартерлік рейс жүргізетін еліміздегі жалғыз әуе компаниясы туристер легіне төтеп бере алмайды. Ал нарыққа шығуға ұсыныс білдірген жаңа әуе компанияларын азаматтық авиация комитеті қолдамай отырған көрінеді. Толығырақ тілші бейнематериалында.

Жансая өзінің еңбек демалысын күзге жоспарлапты. Ондағы мақсат - анасы мен інісін алып, Тайланд еліне саяхаттап қайту болатын. Бірақ туристік агенттіктерді аралаған оның қуанышы су сепкендей басылды. Біріншіден, билет едәуір қымбаттаған, екіншіден олар ұсынған ұшақтар қауіпсіз емес.

Жансая ОРАЗБАЕВА, алматылық тұрғын

- Өткен жылы біз отбасымызбен Турцияға ұшып келген болатынбыз. Ол кезде бәрі ұнады, ұшақтары да жақсы. Ал биыл келсек, басқа ұшақтармен ұшуға кеңес беріп жатыр. Жаңалықтардан, достарымнан да естіп жатырмын, нашар, құлауы мүмкін.

"Билет құнының жылдағыдан 60-70 пайызға көтерілуі - елімізде чартерлік рейс жасайтын әуе кемелерінің аздығынан туындап отыр",- дейді туроператорлар. Яғни, елімізде бәсекелесетін өзге әуекомпаниялары жоқ. Қазір мұндай рейсті жүргізетін бір ғана Скат компаниясы екен. Олар бұл мүмкіндікті пайдаланып, билет құнын да шарықтатып жіберген. Бұл туристердің санының күрт азаюына әкеп соқтырған.

Әли ИСМАИЛОВ, туроператор:

- Біздің компания чартер алу үшін Скатқа хабарластық, олар шетелдік немесе енді нарыққа шыққысы келіп отырған әуекомпанияларына қарағанда бір рейс үшін 50-60 мыңға қымбат сұрап отыр. Бір билет құны бұған дейін 500 доллар көлемінде болса, қазір 700 доллар шамасында. Ал Жаңа жылға қарай 1200 долларға көтеріледі.

Мұның бәрі биылғы шілде айында "ҚР Әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" Заңға өзгерістер енгізілгеннен кейін басталған. Онда коммерциялық әуе тасымалын жүргізетін шетелдік азаматтық ұшақтардың мемлекетіміздің аймағында чартерлік халықаралық ұшуларды орындауына тыйым салынады. Сол себепті қазір чартерлік, яғни тұрақты емес ұшуларды тек "Скат" әуекомпаниясы ғана жүргізіп отыр. Алайда, «айналдырған 4 ұшақпен олар жаз тұрмақ, қыстың күні ұшатын туристер легіне төтеп бере алмайды»,- дейді туроператорлар.

Әли ИСМАИЛОВ, туроператор:

- Мәселен жазда Скат Боинг 757 деген 4 ұшақпен Қазақстанның 15 қаласын қалай қамтымақ?! Бір күнде Қазақстаннан шетелдерге 40 рейс шығады. Алматыдан 10-12, Астанадан 8, Қарағандыдан 4-5. Ал отандық басқа әуекомпанияларына еліміздің азаматтық авиациясы қолдау білдірмейді.

Яғни, "отандық азаматтық авиацияны дамытып, туризмді құрдымға жібермес үшін нарыққа жаңа әуекомпанияларын тарту керек",- дейді Туризм қауымдастығы. Бірақ, оларға алдымен «ылғал лизинг» негізінде әуе көліктерін тіркеуге рұқсат берілуі тиіс. Алайда, азаматтық авиацияның салалық мекемесі заңға енгізілген соңғы өзгерістерді басшылыққа алып, оған рұқсат етпеуде. Ылғал лизинг - ол әуе кемелерін жалға алуға немесе басқа мемлекеттермен ұшақтарды айырбастауға мүмкіндік береді.

Шакира ӘДІЛБЕКОВА, Қазақстанның Туризм қауымдастығы директорының орынбасары:

- Сондықтан біздің ойымызша заңға тағы толықтырулар мен өзгертулер енгізілуі тиіс. Бүгінгі таңда біздің азаматтық авиацияны нарықты чартерлік рейстермен қамтамасыз ете алмайды, өйткені бізде әуе кемелері жоқ.

««Ылғал лизингке» тыйым салу арқылы жолаушылардың өміріне қауіп тууы мүмкін»,- дейді олар. Биыл жыл басында 30-ға жуық адамның өмірін жалмаған әуе апаты соған дәлел. Ал ылғал лизинг аясында қолданыстағы ескі ұшақтарды шетелдердегі жаңа әуе кемелерімен алмастыруға болады. Ал азаматтық авиация комитетінің өкілдері болса,»бұл жерде ешқандай мәселе жоқ»,- деп отыр.

Серік МҰХТЫБАЕВ, ҚР Көлік және коммуникация министрлігі Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары:

- Бұл жерде ешқандай қиындық көріп отырған жоқпын. «Қара тізімге енбеген» біздің отандық компаниялар туристер ағынына төтеп бере алады. Түймедейді түйедей етудің қажеті жоқ. 2014 жылғы туристік маусым туралы әлі айтуға ерте. Мен заңға енгізілген өзгертулерді толықтай қолдаймын.

Ал Жансая болса, сапарын кейінге қалдыруға мәжбүр. «Билет құны қайтадан арзандап, өз таңдауындағы әуекомпаниялар қызмет еткенше, тәуекелге бел бумай, күтуге тура келеді»,- дейді.

Әлия Алмауытова, Талап Сағымбаев, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы

Прямой эфир