09.06.2016

Ақтөбеде содырлар қолынан қаза тапқан сарбаз туған жерінде жерленді

Ақтөбедегі лаңкестердің қолынан қаза тапқан екі сарбаздің бірі - Алматы облысы, екіншісі - Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы. Екеуінің де денесі туған аймағына жеткізіліп, ақтық сапарға шығарып салды. Қатардағы жауынгер Досбол Сапармен қоштасуға туған-туыстары мен қаруластары, Ұлттық гвардияның басшылары келді. 19 жастағы Досбол Отан алдындағы борышын өтеуге аттанғанына небәрі жарты жыл ғана болған.

Лаңкестік шабуыл кезінде оққа ұшқан Досбол Сапармен қоштасуға келген жұрттың қарасы қалың. Жаназаға 300 шақырым жол басып облыс әкімі мен сарбаз үшін деп 1000 шақырымды бағындырып астаналық генаралдар арнайы келген. Марқұм үй ішімен бір апта бұрын ғана сөйлескен екен. Әкесі болса, ерлікпен қаза тапқан ұлын соңғы рет маңдайынан сыйпап, ақтық сапарға шығарып салды.

"Қазір Ақтөбедегі №6655 әскери бөлімінде жарақат алған тағы бір оңтүстікқазақстандық сарбаз емделіп жатыр. Бірнеше жеріне оқ тиген 22 жастағы Сырым Сүндетов есін жиған соң, Шымкентке жөнелтілетін болды. Ол да Досболмен былтыр қыста ғана әскерге барған",- деді марқұмның әкесі Еркінбек ӘБДІҚАДІРОВ.

Досболдың денесі өзі тұрған Көксу ауылының іргесіндегі қорымға жерленді. Мұнда жауынгерлер ерлікпен қаза тапқан қаруласы үшін әскери дәстүрмен құрмет білдірді.

Ал, жауынгердің денесін Ақтөбеден әкелген басшылығы Досболдың қандай жағдайда көз жұмғанын айтып берді.

"Қатардағы жауынгер Сапар сол күні әскери патрульдік топ қызметінде болған. Тәртіп бойынша 2 жауынгер болады. Үстерінде бронежилет киіледі. Беті мен аяғына оқ тиген",- деді  « Батыс» өңірлік қолбасшылығының басқарма басшысы Әлішер Әбдірәсіл.

Отан қорғап жүріп небәрі 19 жасында көз жұмған Досбол Сапардың отбасына көңіл айтып келіп жатқандардың қарасы азаяр емес. Марқұмның туыстарына «барлық көмекті көрсетеміз» деген өңір басшылары батырдың есімін өзі тұрған көшеге немесе ауыл мектебіне бермек.

Аршын Кемелжан, «Алматы» телеарнасы

Прямой эфир